Көкпекті ауданында Әділбек Сембиновты еске алуға арналған ат жарысы өтті

1109
көрілім

Жақында Көкпекті ауданы, Самар ауылының тумасы, ардақты азамат Әділбек Сембиновты еске алуға арналған ат жарысы ұйымдастырылды. Бәйгеге екі автокөлік пен 1 млн. теңге тігілген дүбірлі додада облыстың түкпір-түкпірінен келген шабандоздар бақ сынасты. Шараның ұйымдастырылуына Әділбек Сембиновтың жанұясы, дос-жарандары мен жерлестері мұрындық болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Танымал азамат Әділбек Сембиновтың өмірден өткеніне биыл 20 жыл болды. Самар өңірінің абыройы асқақ азаматын еске алуға арналған асқа 500-дей адам жиналды.

Қазақ халқы бақилық болған жақын туысының рухына бағыштап құран-қатым ас беріп, құрмет көрсетеді. Осы ретте, біз Самар ауылының беделді азаматы Әділбек Қазбекұлын еске алуға арналған үлкен шараға қатысып отырмыз. Бұл шараға алыстан ат терлетіп келген қонақтарға, қатысушыларға рақмет! Осындай игі шаралар легі ауданда жалғаса берсін деп тілейміз, – деп Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржанов шараның шымылдығын өз сөзімен ашты.

Сәйгүліктер сынға түскен аламан басталмай тұрып алдымен ас берілді. Астан соң облыстың әр елді мекендерінен келген волейболшылар тартысқа түсті. Ерлер арасында да, қыздар арасында да Самар ауылының спортшылары ешкімге дес берген жоқ. Ерлер арасында 2-орынды – Глубокое ауылы, 3-орынды – Күршім ауылы иеленсе, қыздар арасындағы сайыста 2-орынды – Үлкен Бөкен ауылының споршылары иеленіп, 3-орынға – Марқакөл ауылының волейболшылары шықты. Спортшыларға алған орындарына сәйкес 700 мың теңге үлестіріліп берілді.

Міне, дүйім жұрттың тағатсыздана күткен тамашасы – бәйгесі де басталды. Шабандоздар 15 және 25 шақырымдық бәйге мен жорға жарысында бақ пен бап сынасып көрді. Аламан бәйгенің нәтижесі бойынша:

15 шақырымдық бәйгеде:

1) Еркебұлан Дүйсенқазыұлы, Семей өңірі, Шұбартау ауылы. Сәйгүлік иесі – Нұрлан Молдыкешов, Аягөз ауданы (Ұтыс – 1 млн. теңге).

2) Дима Писарев, Көкпекті ауданы, Құлынжон ауылы. Сәйгүлік иесі – Руслан Шаирғазин, Көкпекті ауданы (500 мың теңге).

3) Саша Белый, Семей қаласы. Сәйгүлік иесі – Жұмағазы есімді азамат, Семей қаласы (200 мың теңге).

25 шақырымдық аламан бәйгеде:

1) Санат Ерғалиев, Семей қаласы. Сәйгүлік иесі – Руслан Шаирғазин, Көкпекті ауданы (Ұтыс – «Нива» автокөлігі).

2) Нұржан Смағұлов, Зайсан қаласы (700 мың теңге).

3) Дидар Слямов, Көкпекті ауданы (300 мың теңге).

Жорға жарысында:

1) Николай Шапорев, Зырян ауданы. Жорға иесі – Сайран Жолдыбаев, Көкпекті ауданы, Сарыбел ауылы (Ұтыс – «Приора» автокөлігі)

2) Саша Кузнецов. Жорға иесі – Ерік Сексенбаев, Күршім ауылы (500 мың теңге).

3) Жәнібек Тоқбергенов. Жорға иесі – Мұрат Ахметов, Катонқарағай ауданы (200 мың теңге).

Айта кету керек, сондай-ақ марқұм Әділбек Сембиновтың жанұясы, дос-жарандары мен жерлестері ардақты азаматтың және сол әулеттің перзенттері оқу оқуып, тәлім алған 1 балабақша мен 3 мектеп және 1 колледжге әрқайсысына 300 мың теңгеден үлестіріп, демеушілік көрсетті.