Көкпекті ауданында ішкілікке салынған анасы мен қызы жазаға тартылды

1079
көрілім

Есірік суға ессіз берілген анасы мен қызы бұрыннан бері аудандағы нарколог дәрігердің есебінде тұрған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп дана қазақ бекер айтпаған. Баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін үйретудің орнына әйел адам арақ ішуді әдетке айналдырады. Бұл аздай, баласы бойжеткен соң, басқа бөтелкелес қалмағандай қызымен бірге стакан қағыстырған.

Қызы нарколог дәрігердің ерікті түрде емделуге жіберу жайлы ұсынысына келісім бергенімен, анасы түбегейлі бас тартады. Осыған орай, ауданаралық аурухананың дәрігері Көкпекті аудандық сотына арыз түсірген.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды мәжбүрлеп емдеу туралы» Заң талаптарына сәйкес, егер азамат жүйелі түрде алкогольді ішімдікті қолданып, ерікті түрде емделуден бас тартса, сот органдарының оны мәжбүрлеп емдеуге жіберуге құқығы бар. Сот нарколог дәрігердің, учаскелік инспектордың және әйелдердің жақын туыстарының пікірлерін ескеріп, анасы мен қызын арнайы мамандандырылған емдеу мекемесіне 3 айға ішімдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім шығарған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.