Көкпекті ауданында қоғамдық орындар арнайы техникамен залалсыздандырылуда

257
көрілім

Көкпектіде көшелер мен көпшілік баратын орындар жаппай тазаланып жатыр. Індеттің таралмауына жол бермеудің бірден-бір жолы – залалсыздандыру. Қазіргі таңда бұл іс Көкпекті ауданында жүйелі атқарылуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аудан орталығы мен халық көп шоғырланған Самар ауылында ауқымды жұмыс ұйымдастырылды. Залалсыздандыру жұмыстарына қажетті гипохлорит кальций ерітіндісі облыс орталығы Өскемен қаласының «Титан-магний комбинатынан» жеткізілді. Бүгінгі күні ауданда дезинфекциялық ерітіндіге қажетті 5 тонна қор бар. Әрбір ауылдық округтерге де қажеттілігіне қарай таратылған.

Бастысы қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарына арнайы жабдықталған «Hubei Dalu» техникасы тартылып отыр. Сыйымдылығы 4 тонна техниканың  гипохлорит кальций қоспасын 5-7 метр аумаққа шашып өту мүмкіндігі бар. Ауданның бас санитарлық дәрігері Гүлмира Абдрасулованың айтуы бойынша гипохлорит кальций қоспасы инфекциялық ауруларға қарсы бактерициттық құрал ретінде қолданылады. Ал тұрғындар үшін қауіпсіз.

Барлық шаралар 2 наурыз күні жарық көрген Денсаулық сақтау департаментінің нұсқаулығы негізінде атқарылуда. Бұл жұмыс елімізде Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап толассыз жүргізіліп келеді.