Көкпекті ауданындағы мектепке директор қажет

1975
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Құлынжон ауылында білім саласында бөлекше жайт. Директор қажет. Бұл туралы осыған дейін жиі айтылғанымен әлеуметтік желіде елді елең еткізген хабарландыру енді түбегейлі назар аудартты. Белгілі кәсіпкер, BI-Group холдингінің директоры Айдын Рахымбаев өзінің кіндік қаны тамған ауылындағы мектепке тағайындалатын басшыға қандай сыйақы тағайындалатынын да мәлімдеді. Бастысы, сол адам білім деңгейін айтарлықтай көтеріп, оқытудың жаңа үлгісін меңгеріп кетсе болды.

Жаңа директорға жүз мың доллар

Бірден мақала өзегіне көшпес бұрын Айдын Жұмаділұлының қызмет барысынан көрініс бергенді жөн көрдік. Ел көлемінде ықпалды кәсіпкерлердің бірі саналатын іскер азамат осы мектепті тәмамдады. Еңбек жолын құрылыс бригадасында бастап, кейін Целиноградтағы инженерлік-құрылыс институтына оқуға түсті. Соңғы курсқа келгенде группаластарымен тізе қосып қазіргі BI-Group, со кездегі «АзТэк» трейдинг компаниясының іргесін қалады. Содан бері түрлі қалтарыс-бұлтарыстардан өтіп, қазіргі уақытта республика көлеміндегі ықпалды кәсіпкерлердің бестігіне енген.

Қош. Негізгі тақырып білім саласында. Айдын Жұмаділұлының айтуынша, орны босап тұрған маңызды лауазымға тас-түйін әзірлікпен келген адамға 100 мың доллар көлемінде сыйақы немесе елордадан үш бөлмелі пәтер кілті табыс етіледі. Бірнеше жыл бұрын өзі аяқтаған мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңаша келбет сыйлады. Осы тұста кадр тапшылығын реттеу, яғни мектеп басшысын тағайындау тұрғысында аудан әкімдігіне қоңырау шалған едік, жауап беру құзыретіне ие жанның іссапарда жүруіне байланысты пікірін есту мүмкін болмады.

Айдын Рахымбаев

Ал осыған дейін қызмет атқарған мектеп басшысының орны босағаннан бері жөнделген мектеп жаңа директордың келуін «күтуде». Сонда талаптары қандай?

– Ең алғашқы шарт – мектептегі білім деңгейін көтеріп, үш жыл жұмыс істеп шығу. Осы аралықта өз ізбасарын дайындау да маңызды. Мектеп шағын, ұзын-ырғасы 100 оқушы бар. Екінші шарт – білім беру әдісі жіксіз, яғни фин үлгісіне сәйкес болуы тиіс. Бұл дегеніміз, 2-12 сынып аралығы ойын түрінде, play and learning shcool үлгісінде бағаланбай өткізіледі. Үштілді білім беру мақсатында жұмысқа қабылданған ұстаздарға тұрғын үй беру жағы қарастырылады, – деді Айдын Рахымбаев.

Күмән мен сенім күресі

Бұл жерде Финляндиядағы білім беру бағытының әлемдік деңгейде көшбасшы саналатынын айта кеткен орынды. Аталған үлгінің бірінші қағидасы теңдік, яғни нашар және элиталы мектеп жоқ дегенге саяды. Заманауи құрал-жабдықтар теңдей бөлінуі тиіс. Көпшілік арасында пікір екіге бөлінгенімен, қолдаушылар легі әлдеқайда басым. Мәселен, Светлана Омарова есімді желі қолданушысы 100-ге тарта оқушы деген, былайша айтқанда толмайтын төрт сынып деп ойын жымия жеткізді. Көлденең тартқан сауалы: «Ауылыңыздың даму болашағы қандай?». Егер жұмыс орны болмай, тұрғындар балаларын алып кетсе мектептің қаңырап қалатындығын жеткізді. Сайып келгенде, соншама қаржының желге ұшып кететіндігіне алаңдаулы сияқты. Ал бастаманы ықыласпен қолдағандардың бірі Құлынжоннан табыла кетті.

– Ауылымыз бен алтын мектебіміздің еңсесін биіктетіп жатқаныңызға алғысымыз шексіз. Қазір басшыдан ада білім ордасына лайықты директор келсе екен, – деді ауыл жастарын спортқа жетелеген азаматтардың бірі Медет Абаев.

Барынша жаңашыл басшы керек

Екінші шарттың маңына ата-аналарды да балаларды оқытуға өзіндік үлес қосуға тарту арқылы мектепті тегіс Құлынжон көлемінде байланыс орталығына айналдыру қадамы да топталды. Яғни кешкісін (демалыс күндері де) ауыл жастары спорт үйірмелеріне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанса, ата-аналар да бала-шағасын әкелуге мүмкіндік алмақ. Айта кетейік, бұл аралас мектеп. Бастама иесінің айтуынша, білім ошағы эксперименталды мектеп статусын алып, қазіргі уақытта комьюнити-орталық пен спорт алаңқайларының кейбір бөліктері жобалануда.

– Жобаға қатысты барлық шығын менің қорымның есебінен өтеледі. Басты мақсат – барынша жаңашыл, өзім тікелей жұмыс істей алатын директор табу. Егер тәжірибе іске асса, ал менің бұған күмәнім жоқ, ауыл мектептері базасындағы озық білім орталығы бола алады, – деп қорытты Айдын Рахымбаев.

***

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бекер айтпаған. Қазір шынымен-ақ кеменің желкенін биік көтеретін жан керек-ақ…