Көкпекті ауданындағы «Толағай сұлтаны» сайысында аударыспақтың үздіктері белгілі болды

707
көрілім

Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында өтіп жатқан «Толағай сұлтаны – 2019» халықаралық-шығармашылық сайысында аударыспақтан бабы мен бағы қатар шапқан жігіттер есімі анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Білектілік пен ептілікті қажет ететін ерекше спорт түрінде 23 палуан өз мүмкіндіктерін байқады. Көрерменнің көз алдында жеребе тартылып, реттілікпен белдесулер басталған-ды. Алғаш болып Нұрберген Төрехан мен Рүстем Сәрсенәлі кездесіп, біршама тартысты белдесу көрсетті. Екеуі бірін-бірін ала алмай, үш минуттан артық ат үстінде «айқасты». Ақыры соңында Нұрберген белсенділік танытып, жеңіске жетті.

Бұдан соң белдесулер тағдыры түрліше өрбіді. Бірі ат үстінен ауып түссе, бірі қарсыласының аяғын үзенгіден шығарып жіберді. Бірі айлаға басса, бірі аңысын аңдып барып жеңді. Әсіресе, түркістандық Әкбар Елубайұлы мен қарағандылық Нұрхан Тілеухан нағыз апайтөс палуандар кездесуін паш етті. Екеуі де алып, салмақтары да қарайлас. Бірін-бірі әбден титықтатқан соң Нұрхан ұрымтал сәтті пайдалана біліп, ұпай санымен басым түсті.

Жергілікті жанкүйер асыға күткен көкпектілік Ерлан Әзімбаев алғашқы айналымнан аса алмады. Алматы облысынан келген Мейрамбек Рахимбаевқа еш әдіс қолдана алмай, жеңісті уыстан шығарып алды. Десе де оның алдындағы жамбы ату және теңге ілуде сәтті өнер көрсеткен болатын. Ал өткен жылы аталмыш додада топ жарған Абай ауданының үкілеген үміті Айдос Үркімбаев болса 3-ші айналымда Глубокое ауданының намысын қорғаған Тілек Мұхамедқановқа 15 секундтан артық қауқар көрсете алмады.

Үшінші орын үшін Күршім ауданы атынан шыққан Ерасыл Ахметов пен жоғарыда аталған Мейрамбек Рахымбаев белдесті. Ерекшілігі сол, негізгі уақытта есеп тең болғандықтан қосымша белдесуге ұласты. Бұл жерде Мейрамбектің мерейі үстем болды. Ал ақтық сында Қарағанды облысы Қарқаралы өңірінен ат шалдырып келген Тілеухан Нұрхан Глубокое ауданының сенімін арқалаған Тілек Мұхамедқановқа еш мүмкіндік бермей, аударыспақтан жеңімпаз атанды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ