Көкпектіде қабан аулауға шыққан браконьерлер марал атып алған

20185
көрілім

Рейдтік іс-шаралар барысында Көкпекті ауданының табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері ВАЗ көлігін тоқтатып, мәшине салонынан марал етін анықтаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қыркүйек айының 30-ы күні Толағай тауына жақын жерде тәртіп сақшылары Көкпекті ауылының 31 жастағы тұрғыны тізгіндеген ВАЗ автокөлігін тоқтатты. Көлікті тексеру барысында марал еті анықталып, көлік салонында еттен басқа 7,62 мм калибрлі «Вепр-308» карабині, 10 патроны бар магазин, 2 марал мүйізі, пышақ пен балта тәркіленді.

- Тексеру барысында қолға түскен ер адам қабан атуға рұқсаты болғандықтан досымен бірге Қалба жотасына жабайы шошқа аулауға барғаны анықталды. Қабан кездеспегендіктен келесі күні үйге қайтуға бел буды. Қайтар жолда маралды байқап қалып, оны атып алған. Марал өлген жерге дереу жетіп етін бөліп, тоғыз қапқа салып, көлікке тиеген, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.