Көкпектіде қаскөйлердің қолынан мерт болған кәсіпкердің туысқандары қайғылы оқиғаға қатысты өз нұсқаларын айтты

1116
көрілім
Қыркүйек айының 10-ынан 11-іне қараған түні Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылындағы Авдеев көшесінде орналасқан үйлердің біріне баса-көктеп кірген тонаушылар үй иелерін шолақ мылтықпен атып өлтіріп, жанұя мүшелерін байлап тастаған. 60-тан асқан қарт адамды соққының астына алып, азаптаған қаскөйлер одан ақшаның қайда тығулы тұрғанын сұрайды. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, үй ішін түгел тінткен олар 1 миллион теңгеден астам ақшаны қалтаға басып, іздерін суытпақ болады. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары 3 күдіктіні дереу қолға түсірді. Қазіргі уақытта қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы жағдайға қатысты сот алды тергеу шаралары жүргізіліп, бірқатар сараптама тағайындалды. Көкпекті ауданына жол тартқан газет тілшісі тұтқиылдан тиген шабуылдың салдарынан атасы мен отағасынан айырылған отбасының туған-туысқандарымен жүздесіп, жүректі шымырлатар қорқынышты оқиғаның мән-жайын сұрастырып көрді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қарулы қарақшылар

Көкпекті ауылындағы Авдеев көшесінде тұратын жанұяға қыркүйектің 10-ынан 11-іне қараған түні қарулы шабуыл жасалды. Белгісіз біреулер үй ішіне баса-көктеп кіріп, үй иесіне оқ атқан.

Жарақат алған екі ер адамның бірі сол жерде көз жұмған, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. – Екінші азамат ауруханада қайтыс болды. Тонаушылар үй ішінде болған екі әйелді байлап-матап тастаған.

1 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен қарақшылар оқиға орнынан қашып кетеді. Жәбірленушілер полиция қызметкерлеріне хабарласып, бар мән-жайды хабардар еткен.

Осы қылмыстық істі ашып, қаскөйлерді дереу анықтау мақсатында облыстық ІІД және Көкпекті аудандық Ішкі істер бөлімінің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. іздестіру іс-шаралары кезінде күдікті ретінде көкпектілік үш азамат қолға түсті. 1990-1991 жыл аралығындағы қаскөйлер уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері «адам өлтіру» және «тонау» баптары бойынша алдын ала тергеу амалдарын бастады. Сонымен қатар, қажетті сараптамалар да тағайындалған, дейді Бақытжан Торғаев.

Қара жамылған ауылға қайғылы оқиғаның жай-жапсарын анықтау мақсатында аттандық. Авдеев көшесіндегі жеке тұрғын үйге бас сұққанымызда қайғыдан қан жұтқан қалың жұртты көрдік. Алдымыздан шыққан екі ер адам (үй иесінің туысқандары) орын алған қайғылы оқиғаны өз нұсқасы бойынша бүге-шүгесіне дейін баяндап берді.

Үлгілі отбасы

Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Қытай елінен атажұртқа оралған отбасының отағасы Фәтіханның 3 ұлы, 1 қызы бар екен. Жасы алпыстан асқан ер адам Көкпекті ауданында 1983 жылғы ұлы Мұратханның қолында тұрыпты. Екі қолға бір күрек ұстап, еңбек жалауын жықпаған Мұратхан бірден жеке кәсібін дөңгелендіріп әкеткен. Құрылыс материалдары мен басқа да керек-жарақтарды саудалайтын дүкенді тура үйінің іргесінен ашқан ол маңдай термен ақша тауып, отбасын асырап отырады.

Фәтіхан ағаның басқа балалары да осы өңірде қоныстанған, – дейді Мұратханның күйеубаласы Әскербек Амангелді (аты-жөні өзгертілген). – Көкпекті ауылында Мұратханмен көрші болып тағы бір ұлы тұрып жатыр. Оның да айналысар өз кәсібі бар. Қалған балалары да әрекет жасап, ел қатарлы өмір сүруде.

Авдеев көшесінде орналасқан үйде 6 адам тұрады: Фәтіхан мен оның жұбайы, ұлы Мұратхан мен келіні және екі немересі. Қыркүйек айының 10-ынан 11-іне қараған қайғылы түнде барлық отбасы мүшелері үйде жайбарақат отырған

Ұйымдасқан қаскөйлер барлығын алдын ала ойластырып алған, – дейді Әскербек. – Жау алыстан шаппаған, үшеуі де осы ауылдың жігіттері екен. Мұратханмен алдын ала телефон арқылы хабарласып, «ақша болған кезде келіп шифер сатып алып кетемін» деп келіскен. Осылайша түнгі сағат 01.00-шамасында екі қарақшы келіп қақпаны қаққан кезде Мұратхан еш күдіксіз есікті ашады. Осы кезде тонаушылардың үшіншісі көлікте отырады. Қалған екеуі ішке кіріп, шифер таңдаған адамның кейпіне енеді. Біраз уақыттан соң көрсеткен тауарды сатып алғысы келетіндіктерін айтқан олар үйге кіріп, ақша санап беретіндерін айтады. Онысына келіскен Мұратхан есікті ашып, бірінші болып кіріп бара жатқанда қаскөйлердің бірі арт жағынан осыған дейін тығулы ұстаған қаруымен оқ атқан. Сол жақ иығына оқ тиген ол бірден жантәсілім етеді. Сол сәтте атылған қарудың дауысын естіген Мұратханның әйелі жүгіріп келеді. Тонаушылар оған да оқ атып, қолынан жаралаған.

Әскербек Амангелдінің сөзіне сүйенсек, осы уақытта Фәтіхан ақсақал атып шығып, жауыз ниеттілердің бірімен алыса кетеді. Жанталасқа түскен Фәтіханның сырт жағынан екінші қарақшы оқтаумен ұрып жіберген.

Бұл сұмдықты көрген 5 жасар қыз бен 7 жасар ұл шырылдап жылаған, – дейді ол. – Қаскүнемдер балаларға айдаһардай зәрін шашып, зекіп қорқытады. Саналарын үрей билеген екі бүлдіршін бұрышқа барып тығылып, сол жерде шықпай отырады. Тонаушылар болса Фәтіхан аға мен екі әйелді скотчпен байлап-матап, ақша талап ете бастаған.

Боевик киносының желісіндей

Оқиғаның ары қарайғы желісін тыңдасаңыз боевик жанрындағы шетел фильмін көріп отырғандай күй кешесіз. Еш алаңсыз өмір сүріп келе жатқан отбасы мүшелеріне мұндай күйге түсетіндіктері үш ұйықтаса түстеріне кірмеген.

Үй ішінде ойран салған екі қаскөйдің бірі қазақ, екіншісі орыс болды, – дейді Мұратханның жиені Ерсінбек Орынбасар (аты-жөні өзгертілген). – Ал үшіншісі татар жігіт бұл екеуіне телефон арқылы нұсқау беріп сыртта отырған. Жасы алпыстан асқан Фәтіхан ағаны тұншықтырып, соққының астына алған. Ақшаның қайда тұрғандығын сұраған қарақшылар аяуды білмей, үлкен адамды аяусыз азаптайды. Содан соң өздері үйді астан-кестеңін шығарып, 1 миллион теңгені тауып алған. Қаскөйлер мізбақпастан 1 сағатқа жуық үй ішінің қуыс-қуысын тінтіп шығады. Осыдан кейін олар ұзақ уақыт жан азабы мен тән қиналысын сезіп, байлаулы жатқан Фәтіхан ағаны басынан атып тастайды.

Оның айтуынша, арам ойларын іске асырған тонаушылар кетер кезде газ баллонның шлангысын кесіп, ішіне май құйып, от тамызады да, лезде іздерін суытады.

Құдайға шүкір, сол уақытта Фәтіхан ағаның әйелі айқыш-ұйқыш ораған скотчтан босап кетіп, отты өшіріп үлгереді, – дейді Әскербек. – Әйтпегенде 2 адам емес, барлық отбасы мүшелері жазықсыз мерт болар еді. Осыдан соң апамыз тәртіп сақшыларынан бұрын көрші тұратын ұлына хабарласады. Бұл жерде бір айта кететін жайт, ұйымдасқан қылмыскерлердің барлығын алдын ала ойластырып қойғандары соншалық, біраздан соң үй телефонына қоңырау шалып «Полицияға айттыңдар ма?» деп сұраған. Ондағы мақсаттары – олардың байлаудан босап кеткендерін немесе жарылыстан қаза болғандарын анықтап білу болса керек.

Ерсінбек Орынбасардың сөзіне сүйенсек, суық хабарды естіген Мұратханның інісі үйге дереу жүгіріп келеді де, қарақшыларды іздестіріп көшеге қарай шығады. Қандықол қаскөйлердің соңынан қуып аласұрып жүргенде оның алдынан екі жігіт кезігіп «Қараңғыда шам жақпай келе жатқан бір көлікті көрдік. Кім екен деп жарық түсіргенімізде көлік нөмірін байқап қалдық» дейді. Мұратханның інісі сол көлік нөмірін полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Осы сәтте жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары қарақшыларды ауылдан шыға берісте орналасқан жанар-жағармай құю бекетінің маңайынан ұстаған көрінеді.

«Жауыздар жазаларын алу керек!»

Мұратханның жаралы әйелін дәрігерлер келесі күні Өскемен қаласына тікұшақпен алып кетеміз деп айтқан еді, – дейді Әскербек. – Дегенмен ауа-райы тікұшақтың ұшуына қолайсыз болғандықтан, оны көлігімізбен жеткізуге мәжбүр болдық. Қазір ол облыс орталығында ауыр халде жатыр. Екі арысымыздың мүрдесін де мәйітханадан өзіміз алып келдік. Қайғылы сәтте жергілікті биліктің қолдау көрсетпегеніне біз ғана емес, жұртшылық реніш білдіруде.

Қорқынышты оқиғаның мән-жайын естіген бұқара халық үйге келіп көңіл айтуда. Естуімізше, тонаушылар жұмыссыз күнелтіп, 18 миллион теңгедей қарызға батқан сұмпайылар екен.

Жергілікті ІІБ-нің хабарлауынша, ұсталғандар бұрын сотты болмаған. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Қайғылы жағдайға душар болған жанұяның туған-туысқандары Мұратханды тек жақсы жағынан еске алады:

Қой аузынан шөп алмайтын момын жігіт еді ғой, шіркін… Аузына бір бейәдеп сөз келіп көрмеген, ешкімге жамандық ойламайтын сабырлы адам болатын. Әрқашанда ашық, кез келген сәтте көмек қолын созуға дайын тұратын.

Сондай-ақ, көңіл айтуға жиылған жамағат Мұратханның әкесі жайлы да айтты:

Фәтіхан ағамыз ұлдарын нағыз азамат етіп тәрбиелеу үшін барын салған адам. Оларға әрдайым ақылын айтып, бағыт-бағдар сілтейтін. Екі немересін құшағына қысып еркелеткенді жақсы көретін еді…

Көкпекті ауылдық округі әкімінің орынбасары Нина Укешованың айтуынша, кәсібін қолға алып, құрылыс материалдары мен шаруашылық тауарларын саудалаған Мұратхан ауылда ұйымдастырылатын көпшілік шараларды өткізуге мүмкіндігінше демеушілік жасайтын.

Ешкіммен жауласпай, жайлы тұрмыс кешіп жатқан отбасыға айуандықпен шабуыл жасап, екі адамды өлтіріп, екі әйел адамның өмірін ойраңдап, кішкентай балалардың жүрегіне өшпес жара қалдырған қылмыскерлер тиісті жазаларын алсын! – дейді Әскербек Амангелді. Мұндай қаскөйлердің кесірінен білдей бір әулеттің сорпасы төгіліп, соры қайнады. Адамды аяуды білмейтіндер бостандыққа шығатын болса, осындай қайғылы оқиғалардың тағы да қайталанбайтынына кім кепіл?!.

Бет қатталып жатқанда…

Істің тергелуін өз бақылауына алған Шығыс Қазақстан облысының Прокуратурасы бұл қылмыстық іске қатысты ресми мәлімдеме жасады. Қазіргі уақытта процессуалды прокурор да тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы жіті зерттелу үстінде.

Сатушы ретінде үйге кіріп келген екі ер адам үй ішіндегі жанұя мүшелеріне шолақ мылмықпен оқ ата бастаған, – деп хабарлады Қадағалау органы, – Оқ тиген кәсіпкер сол жерде көз жұмды. Оның әйелі де оқ тиіп, жараланған. Ал тонаушылар ұрып-соққан үй иесінің әкесі ауруханада қайтыс болды. Қылмыскерлер кәсіпкердің анасын байлап тастап, үйден 4,5 млн. теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Оқиға орнынан шығып бара жатқан олар жасаған қылмыстарының ізін жасыру мақсатымен кереуетті өртеп, одан кейін баллонды ашып, газын шығарып кеткен. Байлаулы тұрған әйел босап, газдың жарылуына жол бермей үлгереді. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдіктілерді дереу құрықтады. Ұсталғандардың бірі осыған дейін ұрлық жасап сотты болған екен.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттер автордыкі және Мұратхан Фәтіханұлының туған-туысқандарынан алынды