Көкпектіде құмар ойынға салынған ер адам «Қазпошта» бөлімшесінен 5 млн теңгеге жуық ақша жымқырған

825
көрілім

Көкпекті ауданының тұрғыны «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне 1-ші дәрежедегі электроншы маман болып жұмысқа орналасады. Құмар ойын десе әуселене түсетін 22 жастағы жігіт қолындағы тиын-тебенін «Олимп KZ» букмекерлік кеңсесінің ғаламтордағы сайты арқылы ұтысқа тігіп отыратын еді. Алайда, үкілеген үміті ақталмай ұтылып қалып, қалтасы қағылған көкпектілік, ақшаны қайдан табарын білмей әуре-сарсаңға түскен. Оңай олжаға кенелмек болған жігітке «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне тиесілі қаражатты жымқыру ойы туындайды. Сөйтіп, қитұрқы қылығын іске асырған ер адам бірнеше ай бойы мекеме қаржысын қалтаға басып келген.

Қаражатқа қол жеткізген

Қанат Ақылбеков (аты-жөні өзгертілген) «Қазпошта» АҚ Көкпекті ауданы, Үлкен Бөкен ауылдық пошта бөлімшесіне 1-ші дәрежедегі электроншы маман болып жұмысқа тұрады. Еңбек шарты бойынша оның кәсіби міндеттері – компьютердегі бағдарламалардың жұмысын тексеру, туындаған ақауларды жөндеу, техникалардың жағдайын қадағалау болды. Жұмыстан тыс уақытта Қанат ақшасын «Олимп KZ» букмекерлік конторасының сайты арқылы ұтысқа тігіп отыратын. Бір күні әбден ақшасы таусылған ол еңбекақысынан бөлек қаражат табуды көздейді. Осы мақсатпен 22 жастағы жігіт Үлкен Бөкен ауылдық пошта бөлімшесінің басшысына «WorkFlow» ақпарат жүйесі арқылы «Авангард плат» бағдарламалық қамсыздандыруды пайдаланып «Қазпошта» АҚ клиенттерінің телефондарына ақша салу әдісін үйретеді. Сол кезде Қанат Ақылбеков бастықтың логин мен кілт сөзін жаттап алған. Ақша аудару әдісін біліп алған жігіт, осылайша поштаға тиесілі қаражатқа оп-оңай қол жеткізген.

Өзінің қылмыстық ойын іске асырмақ болған жігіт Шериязданов көшесіндегі жұмыс орнында отырып-ақ, өзінің, туған-туыстары мен таныстарының нөмірлеріне ақша аудара бастайды. Бар-жоғы екі айдың ішінде Қанат 4 930 000 теңгені заңсыз иеленген. «Қазпошта» АҚ бюджетіндегі ақшаны уысында ұстаған жігіт 20-50 мың теңгеден аударып отырған. Ал абоненттік нөмірге түскен ақшаны ол «Олимп KZ» букмекерлік конторасының сайтымен тағы да ұтысқа тігуін жалғастырады. Сөйтіп, құмар ойынға белшесінен берілген көкпектілік өзі жұмыс істеп жүрген мекемеге 5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.

Өз кінәсін мойындады

Осыған байланысты сот ісі Көкпекті аудандық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыпты толықтай мойындады.

– «Қазпошта» АҚ қаражатына құмар ойындарға бәс тіктім, – дейді Қанат Ақылбеков, – Көбінесе ұтылсам да, арасында ұтысқа ие болған кездерім де болды. Сол 1 904 950 теңге ақшаны пошта шотына қайта аудардым. Ал бастықтың «пошта бөлімшесінің қаражаты қайда кетіп жатыр?» деген сұрағына «бағдарламада ақау туындаған болуы керек» деп жауап бердім. Қазір «Қазпошта» АҚ-ға келтірілген материалдық шығынды төлеуге мүмкіндігім жоқ. Алайда болашақта ол соманы міндетті түрде толықтай өтеп беремін.

Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленген Қанат Ақылбековке жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеу кесілді. Үкім толықтай заңды күшіне енді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ