Көкпектілік палуан Әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болады

257
көрілім
Фотосурет kazakhstan_wrestling парақшасынан

Жерлесіміз Данияр Қайсановтың қарсыласы, франциялық Зелимхан Хаджиевтің тыйым салынған препарат қолданғаны расталып, қола медаль шығысқазақстандық палуанға беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл ақпаратты Біріккен Күрес Әлемі растап отыр. Берілген мәліметке сүйенсек, 74 келіде белдескен Франция елінің өкілі Зелимхан Хаджиев тыйым салынған препаратты 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Әлем чемпионатында қолданған. Хаджиев қана емес, өзбекстандық Хасанбой Рахимов (125 келі) пен сириялық Баджа Хутабтың да антидопингтік ережені бұзғандықтары анықталды. Елімізде өткен Әлем чемпионатының қорытындысына көз жүгірткен соң арнайы ұйым қытайлық Живей Денг (125 келі) пен жерлесіміз Данияр Қайсановқа (74 келі) қола медальді табыстайтын болады.

Белдесу сәтінен

Естеріңізде сала кетейік, елордада өткен әлемдік додада қола медаль үшін болған белдесуде Данияр Қайсанов Зелимхан Хаджиевке 3:4 есебімен жол берген болатын. Енді франциялық спортшы үлкен спорттан шеттетіліп отыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ