Тамыз айының алғашқы жартысында Шығыс Қазақстан облысына жеткізілетін көмір көлемі өткен жылғы мөлшердің үштен біріне өсті. Бұл жөнінде жүк тасымалының облыстық бөлімшесі хабарлады, деп жазады Bnews.kz сайты.
Осылайша облыс тұрғындарының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерінің бірі шешілмек.
- Айдың екінші онкүндігінен бастап күн сайын Қаражыра кен орнынан тұрғындар қажеттілігі үшін 3,5 мың тоннандан астам көмір 51 вагонмен жеткізілуде. Оның 24 вагоны Өскемен қаласына, 27 вагоны Зырян, Шемонаиха, Глубокое мен басқа да аудандарға және Риддер қаласына тасымалдануда. Жүк тасымалы мекемесінің ШҚО бөлімшесі көмір жеткізу жоспарын 117 пайызға артығымен орындап, оның көлемін қазірдің өзінде 47 мың тоннаға жеткізген. Өткен жылдың осы кезеңінде біздің өңірге 32,3 мың тонна көмір жеткізілген болатын, - дейді жүк тасымалы мекемесі ШҚО филиалының логистика бөлімінің бастығы Алмас Сейсемқанов.
Оның айтуынша, Бұқтырма станциясына жеткізілетін көмір көлемі ұлғайған. Аталмыш орыннан баржа арқылы Құйғанға, одан әрі Катонқарағай, Көкпекті, Күршім аудандарына жеткізіледі. Бұған дейін көмір аталмыш аудандарға Жаңа Өскемен станциясынан тасымалданып, арақашықтық 300 шақырымнан астам жолды құрайтын.
Ведомствоның хабарлауынша, 11-17 тамыз аралығында "Иртыштранс" ЖШС-на 90 вагон көмір отыны жеткізілген. Ал тамыз айында аталмыш мекемеге 109 вагон, яғни 7,6 мың тонна көмір әкелінген.
Қоса кетсек, бүгінде облыс орталығындағы теміржол тұйықтарында көмірдің әр тоннасы 8800 теңгеден сатылуда.
Ерлен ОСМАНОВ