Көркі кетіп тұр

707
көрілім

Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі кіреберіс көшенің жарық шамдары не себепті сөнген?

Кредиторлық берешек кесірі Қасым Қайсенов кентіндегі көше шамдарының жануына әсер етуде. Бүгінгі таңда елді мекенге сән беретін кіреберіс көше уақытша қара түнекке шомған.

Жалпы, әңгіменің төркіні газет редакциясына қоңырау шалған оқырманымыздың сөзінен басталған еді. Кенттің кіреберіс көшесіндегі жарық шамдары мен кіреберіс аркадағы Қаһарман атамыз Қасым Қайсенов жазуының бір қапталының түгелдей дерлік сөніп тұрғанын айтқан оқырман соңғы уақытта көзге оғаш көрінетін көріністің орын алғанын алға тартты.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаевтың "Алматы-Өскемен" тасжолынан Қасым Қайсенов кентіне бұрылатын кіреберіс көшеде 13 дана жарық шамдарының барын айтады.

- Жарық шамдарының жанбай тұруы бюджеттің 4-ші деңгейге ауысуына орай жеке тұлғалар төлейтін салықтың уақытылы түспеуімен байланысты, - дейді ол. - Осы себепті көше жарығы бойынша үлкен кредиторлық берешек пайда болды. Ал кіреберіс аркадағы "Қайсенов" жазуының жарығы техникалық себептерден өшіп тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандарды тарту қажет. Бүгінгі таңда кенттегі барлық жарық паноларын техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік ұсыным берілген. 2019 жылға арналған ұсыным облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында қаралуда.

Айсұлтан АЗАМАТ