Коронавирус: Германияның барлық тұрғыны маска тағып жүруге міндеттелді

359
көрілім

Германияның барлық федералды жері мұрын мен ауызды жауып тұратын маска жасап, оны коронавирустың таралуына қарсы күрес үшін қоғамдық орындарда тағып жүруді міндеттеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Масканы елдің барлық аумағында қоғамдық көлікте тағу міндетті. Сондай-ақ, кейбір жерлерде адамдар сауда жасаған кезде бетін жауып жүру керек. Бремен «маска режимін» қолдаған 16 федералдық жердің соңғысы болды.

Германияда барлық маска түрлерін, соның ішінде қолдан жасалғандарды да пайдалануға рұқсат етілген. Сондай-ақ, мұрын мен ауызды жауып тұратын шарфтарды және басқа да заттарды қолдануға болады. Айта кетейік, Германияның Тюрингиядағы Йена қаласы тұрғындарды қоғамдық орында медициналық маска тағуға міндеттеген ГФР-дегі алғашқы қала болды.

Роберт Кох атындағы жұқпалы ауруларды зерттеу институтының мәліметінше, 22 сәуірдегі жағдай бойынша Германияда 145 694 адам коронавирус жұқтырып, 4879 науқас қайтыс болған. 99 мың адам емделіп шықты.