Коронавирусқа қарсы күресте уақытша шектеулер енгізу тиімді тәсіл

403
көрілім

Өңірдегі қауіпті індет жағдайы қабылданып жатқан шаралар мен статистикалық көрсеткішке зер салсақ, қалалар мен аудандарда әлі де өзекті екендігін аңғартуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО бойынша мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Марат Исмаиловтың мәліметінше, маусым айындағы алғашқы 10 күн ішінде Семей қаласында індет айтарлықтай ушығып, күн сайын 15-тен 25 адамға дейін вирус жұқтырған. Одан кейін маусым айының 21-нен бастап инфекция жұқтырғандар саны Өскеменде күрт көбейіп, шілде айының 4-нде шарықтау шегіне жетті. Осы ретте 28 маусым мен 7 шілде айлары аралығында статистикалық мәліметке көз жүгіртейік. 28 маусымда Семейде – 22,  Өскеменде – 23, келесі күні Семейде – 11, Өскеменде 21-ге жеткен. 30 маусымда тіптен көбейді. Семейде – 17, облыс орталығында 39 адам коронавирус жұқтырды. Шілденің 1-нде Семейде – 34, ал Өскеменде – 30 адамнан коронавирус анықталды. Осылай вирус жұқтырғандардың өсу динамикасы Өскеменде байқалды. Тек 10 күн ішінде Семейде – 173, Өскеменде 341-ге жеткен.

Десе де Семейде әлі де карантин талаптарын қатаң сақтау күн тәртібінде. Мұнда облыс бойынша тіркелген барлық жайттың 33 пайызы (756), Өскеменде 27 пайыз (621 жағдай).

Карантин талаптарының сақталуы қазіргі уақытта аса маңызды. Мұны сырқатқа күмәнмен қарайтындар да растауда. Талдау нәтижелері шектеу шаралары ғана қауіпті індетке тосқауыл қоюдың сенімді құралы екендігін көрсетті.