Көшелер жөндеуден өтпек

435
көрілім

Биыл Семей шаһарының жолдарын жөндеу үшін өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы бөлінген. Жоспарға сай 14 көшеде орта, 80 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Шаһарды абаттандыру және көгалдандыру жобасымен танысқан ШҚО әкімі Даниал Ахметов бұл бағытта да осы жылы Семейге қомақты қаржы бөлінгенін айтты.

2018 жылы Семейдің орталық бөлігі және Жамақаев пен Шмидт атындағы көшелерге дейінгі Ленин көшесінің аумағын абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ, қалада жағажай жасау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. «Менің аулам» бағдарламасы аясында биыл 611 миллион теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердегі 62 аула абаттандырылмақ. Бұдан бөлек гүлзарлар, ағаштар отырғызылып, саябақтар, скверлер мен алаңдарды көркейту шаралары да жалғасын табады.

Ағымдағы жөндеу жұмысы қаладағы 70 көшеде жүргізіледі. Жақын уақытта орта жөндеу 20 шақырымды құрайтын 14 көшеде басталады. Мичурин, Белібаев, Орманды көшелерінің жүргін бөлігі мен тротуарлары күрделі жөндеуден өтеді.

– Биыл Семейді абаттандыруға 2017 жылмен салыстырғанда 500 млн теңгеге, ал жол жөндеуге 1 млрд.теңгеге артық қаржы бөлінді. Қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, орталық саябақты жөндеу жобасын қайта қарауды тапсырамын. Заманауи стандарттарға, қазіргі күннің талабына сай болуы тиіс. Қыруар қаражат бөлінуде, сондықтан жұмыс сапалы әрі уақтылы атқарылуы тиіс, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Асқар ТҰМАРБЕК