ҚР АШМ: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері жеткілікті

333
көрілім

ҚР Үкіметі отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров премьер-министр Асқар Маминге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері өндірісі және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сапархан Омаровтың айтуынша, азық-түлік тауарларының барлық негізгі түрлерінен Қазақстан өзін 80 пайызға қамтамасыз етеді, ал кейбірінің түрлерінен тіпті артықшылық бар. Тек алты тауардың түрлерінен: алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, қант және құс еті бойынша импорт тәуелділігі сақталуда.

- Министрлік импортты алмастыру жұмыстарын жандандыруда. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар қабылданды және бүгінгі күні оң өзгерістер бар. Мысалы, алманың өнімділігі соңғы үш жылда гектарынан 70-тен 74 центнерге өсті. Олардың өндіріс көлемі 18%-ға, яғни 222,5 мың тоннаға дейін артты, - деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, ҚР АШМ басшысының айтуынша, қант өндірісі 345-тен 505 мың тоннаға дейін өскен. Үш жылда құс еті 2016 жылдан 2018 жылға дейін 26 пайызға артты. Тиісінше, импорт үлесі 53%-дан 49%-ға төмендеді. 2019 жылы құс етін өндіретін екі ірі өңдеу кәсіпорны іске қосылғаннан кейін 223 мың тоннаға дейін артты. Сондай-ақ, өткен жылы ірімшік пен сүзбе өндірісі 7,5%-ға, 29,5 мың тоннаға өсті.

- 2020 жылы жылдық қуаты 105 мың тонна сүт өндіретін 25 тауарлық сүт фермасы, 3 ет комбинаты, қуатылығы 73 мың тонналық 8 құс фабрикасы салынатын болады, 2 мың гектарға бақ отырғызу жоспарлануда, Жамбыл және Павлодар облыстарында жылына жалпы өндіріс қуаты 200 мың тонна қант өндіретін 2 қант зауыты құрылысын салу басталды. Сонымен қатар, қолданыстағы үш қант зауытын жаңғырту жоспарлануда, - деді министр.