Құбыр тартып қарқ қылмақ

509
көрілім

Биыл Өскемен қаласының жаңадан бой көтерген бірнеше тұрғын ауданына ауызсу жеткізілмек

Өскемен қаласының 20-шы тұрғын ауданына осыдан екі жыл бұрын тартылуы көзделген ауызсу құбырлары биыл қолға алынуы мүмкін. Бұл жөнінде газет редакциясына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Елена Литвинова хабарлады.

Уәде берілген

Жалпы, әңгіменің төркіні газет редакциясына қоңырау шалған оқырманымыздан басталған еді. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті биліктің тұрғын ауданға ауызсу құбырларын тартып, тұрғындарды қағанағы қарқ, сағанағы сарқ етпек болғанын айтқан оқырманымыз, аталмыш уәденің әлі күнге дейін орындалмағанын хабарлады.

- 2017 жылы 20-шы тұрғын ауданға ауызсу жеткіземіз деген еді, - дейді атын атамауды жөн көрген облыс орталығының тұрғыны. - Содан бері екі жылға таяу уақыт өтті. Ауызсудың келер түрі жоқ. Үйіміздің құрылысы аяқталып, қоныс тойын тойлағалы қашан?

"Қаланың іргесінде тұрсақ та өркениеттен қалыс қалдық" деген қала тұрғыны биыл бұл жұмыс қолға алына ма, әлде сол уәде күйінде қала ма деген күмән білдірді.

Кезек биыл келеді

Қала әкімінің орынбасары Елена Литвинова аталмыш тұрғын ауданға ауызсу тарту жұмыстарының кешеуілдеуі «Шешек» бұлақ ауданында сумен қамту жүйесін тарту жұмыстары кезінде жерасты суларының көтерілуімен байланысты екенін айтады. Осының салдарынан қосымша пайда болған траншеяны құрғату және жерасты суларын бұру жұмыстары құрылыс мерзімін ұзартып жіберген.

- Бүгінгі күні құбыр желісін төсеу бойынша жұмыстар аяқталу үстінде, - дейді Елена Литвинова. - Дегенмен, суды беру үшін 19 тұрғын ауданы аумағында «Элеваторный» тоғанынан ІІІ көтерілім су сорғы станциясына дейінгі су тартқыштың құрылысы мен 14, 19 ,20-шы тұрғын аудандарын сумен қамтитын контррезервуарлар құрылысын жүргізу керек. Ол үшін құрылыстың 4-кезегін аяқтау қажет. Ал оның аяқталуы ағымдағы жылы қаржыландыруға байланысты орындалатын болады.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 20-шы тұрғын ауданға жалпы ұзындығы 15 819 метр құбыр тартылмақ. Ал оған қарастырылған қаражат 681,199 млн теңгені құрайды.

- Өскемен қаласының 14, 19, 20-шы тұрғын аудандарын сумен қамтитын контррезервуарлар құрылысының 3-ші және 4-кезегінің құрылысы аяқталып, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 20-шы тұрғын ауданының сумен қамту жүйелері тораптық желілерге қосылатын болады, - деп қосты Елена Александровна.

***

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, биыл бұл іс қала билігі тарапынан қолға алынатын сыңайлы. Тек оған қажетті қаржы құйылып, жолай кезіккен олқылықтар орнына келтірілсе болғаны. Жыл соңына қарай бір емес, бірнеше аудан ауызсумен қамтылып, тұрғындар бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселеден біржола құтылуы мүмкін.

АзаматТЕМІРБЕКОВ