Индонезия жерінде өтіп жатқан III Пара Азия ойындарында ел қоржынына күміс медаль түсті. Оны шығысқазақстандық шахматшы салды, деп хабарлайды газет тілшісі ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрлықтың таңдаулы спортшылары бас қосқан додада қазақстандық спортшылар біртіндеп әр түрлі медальдар жиынтығын иемденуде. Пара ойындарының кезекті жарыс күні шахмат бәсекесінен жүлде түсті. «ШҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб» КММ-нің тәрбиеленушісі Болат Қабыжанов көру қабілеті төмен жандар арасында сынға түсіп, тек бір мәрте қарсыласымен тең түскен. Қалған ойындарында семейлік спортшы айқын жеңіске жетіп, үздік нәтиже көрсетті. Жоғарыда айтылғандай, бір тең нәтижемен жерлесіміз пара ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері аймағымызда өзі жаттықтырушы болып жүр. Болат Қабыжанов бұған дейін әлемдік бәсекелерде жүлде алған болатын.
Асқар ТҰМАРБЕК