Құрбан айт – қасиетті мереке

302
көрілім

Құрбан айт Өскемен қаласында қалай өтті?

Шырайлы Шығыстың бас шаһары Өскеменде қасиетті Құрбан айт мейрамы аталып өтілді. Жыл сайын ұйымдастырылатын мерекелік шаралар биылғы жылы да қалыс қалған жоқ. ШҚО «Халифа Алтай» мешітінде киіз үйлер тігіліп, жамағатқа ас берілген соң, қалың жұрт әр түрлі спорттық сайыстарда бақ сынасты. Домбыраның күмбірі мен әуелете әндеткен әншілердің әсем үні көпшіліктің көңілінен шықты. Ал мұсылман қауымның ұлық мерекесінде құрбандық шалуға ниет еткендер Шығыс ауылына келіп қой саудаласып жатты бұл күнде...

Биыл қасиетті Құрбан айт 21-23 тамыз аралығына сәйкес келіп отыр. Ораза айттан соң 70 күннен кейін басталатын қасиетті мейрамды пейілі ақ, көңілі жомарт мұсылман қауымның асыға күткені рас. Құрбандық шалып мол сауапқа кенелуді мақсат тұтқан қалың жұрт бұл күні қой малын сатып алуға асығады. Алайда одан бұрын айт намазына келіп, қиямға тұру – парыз.

Құрбан айттың бірінші күнінде Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітіне айт намазын оқуға жиылған жұрт қарасы аз болған жоқ. Тіпті мешіт ішіне сыймай қалған жамағат есік сыртында тұрып қол жайды. Намаздан соң мешіт алдына тігілген киіз үйлерде тегін ас берілді. Сондай-ақ сахна орнатылып, Құрбан айтты тойлауға келген 5500-ден астам тұрғын өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Ғибраттылық мәні зор жыр-термелер мұсылман қауымды терең ойға салды. Сонымен қатар, дүйім жұрт арқан тарту, қолкүресі және гір көтеру сайыстарынан тартысқа түсті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деп белін бекем буып додаға шыққан қатысушылардың ішінен үздік деп танылғандарға ақшалай сыйлықтар берілді.

Сәлден соң құрбандық шалғысы келген жамағат Шығыс ауылына қарай бет алды. Мал союдың талаптарына сай келетін ол жерде келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Қойдың бағасы 18-40 мың теңге шамасында.

– Бүгін інімді ертіп құрбандық шалуға келдім. Саудаласу ислам дінінде сауап болып саналады. Мал иелерінен қойды 25 мыңға сатып алдық. Одан кейін малды қасапшыға апарып сойдырып, ішек-қарнын аршыттық. Қойдың үштен бір бөлігін жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп береміз. Әр жыл сайын осында келіп құрбандық шалу біздің отбасы үшін дәстүрге айналған, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Айдын Алдархан.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттерді түсірген Виктор АБАКУМОВ

Құрбан айтта құрбандық шалудың үкімі

Ханафи мазһабына сәйкес құрбандық шалу уәжіп (міндет) болып табылады. Оған «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» аяты дәлел бола алады.

Құрбан шалу шарттары:

– Мұсылман болуы керек

– Ақыл есі дұрыс болуы керек

– Кәмелеттік жасқа толған болуы тиіс

– Еркін болуы керек

– Сапарда болмауы керек

– Зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке ие болуы қажет (нисап, ол 85 грамм алтынның құнына тең).

Құрбандыққа шалуға болатын жануарлар: түйе, сиыр, қой, ешкі. 5 жасар түйені 7 адам бірігіп немесе 1 адам да шала алады. 2 жасар сиыр, өгізді 7 адам бірігіп немесе 1 адамға шалуға болады. 1 жасар қой немесе ешкіні 1 адам шалады.

Құрбан шалуда өкілдік

Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат жазып өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның орнына құрбан алып шалады.

Құрбандыққа жарамайтын мал:

– Бір немесе екі көзінің соқыр болуы

– Малдың тым әлсіз, арық болуы

– Құлағы немесе құйрығының (үштен бірінен астам бөлігі) тісінің (жартысы және одан астам) жоқтығы

– Мүйіздерінің сынған болуы немесе бір мүйізінің түбіне дейін болмауы

– Аяғы ақсақ

– Айқын сырқат

– Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал

Мынадай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды болып саналады:

– Көру қабілеті нашар

– Бір аяғы ақсақ бола тұра үш аяқпен жүруге шамасы бар

– Мүйізінің бөлшегі сынуы немесе тума болуы

– Бірнеше тістерінің жоқ болуы

– Құйрығы немесе құлағының кішкене бөлігінің болмауы

– Құлағының тесілген болуы

– Қышыма

– Пішілген болу

Орындалу тәртібі:

– Пышақты малға көрсетпей қайрап келу

– Малды сол жамбасымен жатқызу

– Құрбан шалуға ниет ету (Бисмиллә, Аллаху Акбар!)

– Малдың мойнында өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын бір мезетте кесу

– Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту

Ет үлестіру

– 3/1 өзінің отбасына, бала-шағасына

– 3/1 туған-туыс, көршілеріне

– 3/1 кедей және мұқтаж адамдарға

Ескерту! Құрбандыққа шалынған малдың терісінен, етінен қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейді.

Біздің анықтама

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады. Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов (әкім сөзі):

– Сіздерді, әлемдегі барша мұсылман қауымның, ұлық мерекесі – Құрбан айтпен, шын жүректен құттықтаймын! Құрбан – араб тілінде, «жақындау» дегенді білдіреді. Бұл күні жүрегіне иман ұялаған әр адам жақсы іс жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып қуаныш сыйлауға тырысу қажет. Құрбан айт – түрлі этностар мен дін өкілдері арасында өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің бірегей дәстүрін сақтауға ықпал етеді. Сол себепті біздің елімізде айттың алғашқы күні арнайы демалыс күні болып халқымыздың құрбан шалуына, құлшылық жасап ізгі тілек тілеуіне барлық жағдай жасалды. Шын мәнінде Құрбан айт – тек мал бауыздаумен ғана шектелмеу керек. Мұнда адамның ішкі ниеті, шын пейілі мен дін беріктігі таразыға түсіп, жомарттығы сыналады. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз» - деген қанатты сөзі бар. Барша ұлысты ұйыстырған, осынау ұлағатты дінді, халқымыз, ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы ұстанып келеді. Зайырлылық принциптері негізіндегі қоғамдық келісім мен тұрақтылық, туған жеріміздегі бейбітшілік пен татулықты арқау еткен Ұлт Көшбасшысының кемеңгер саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасы толайым табыстарға қол жеткізді. Бұл көпұлтты халқымыздың жасампаз еңбегінің ортақ жеңісі! Олай болса, ұлттық келісім, ынтымақ пен бірлік, татулық пен достық сияқты басты құндылықтарымызды басшылықа алып жасампаздықпен жаңа жетістіктерге жете берейік! Осынау қасиетті мерекеде баршаңызға молшылық, Отанымызға – тыныштық, туған жерімізге – амандық тілеймін! Құрбан айт қабыл болсын!