Күршім ауданы Ақсуат ауылынан шыққан маммолог-дәрігер Темірхан Мұқажанов еңбек жолында 10 мыңға жуық ота жасаған

5951
көрілім

Қазір бұл мамандық иелері қымқуыт қоғамның қарбаласында алдыңғы шепте жүріп айқасуда. Медицина деген бір ауыз сөздің өзінен-ақ әңгіме төркінін айтпай-ай топшылаған болар жұртшылық. Иә мақала осы сала шеңберінде болғанмен өткен жылдың басында келіп жеткен кеселден тым алшақ. Әдетте дәрігерлерді адам жанының сақшысы, кейбірі тіпті соңғы секундтарға дейін сабыр суын сарқымай жақынының өмірін арашалап қалар деп бір кереметті күтеді. Мақала өзегіне арқау болған күршімдік білікті маммолог-дәрігер, жарты жылға жуық ғұмырында ақ халат киіп, көпшілікке қолұшын беруге асыққан абзал жан Темірхан Мұқажанов та талай мәрте тәуекел етіп, әр отасын ойдағыдай жасаған. Жүріп өткен жолында өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген жерлесіміздің жасы жетпісті алқымдаса да әлі тұғырдан тая қоймапты.

Кіндік қаны тамған Қарақас

Бертінгі буын Күршім өлкесінде бір кездері Қарақас деген ауылдың болғандығынан бейхабар болулары мүмкін. Оның себебі әріде жатыр. Темірхан Әбенұлының сөзінше, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт Өскемен су электр станциясы салынып бітуіне байланысты асау Ертістің суы молайып, Қарақас ауылына қауіп төнді. Осы деректің өзін мақала кейіпкері естелік ретінде бір кітапқа сыйғызып, кіндік қаны тамған жерінің тарихын толғаған. Медицинада жүріп маңызды оталардың талайын жасаған жанның уақыт бөліп, шығармашылықпен айналысуы зейінді жан екендігін аңғартады. Темірхан ағадан өмір жолы жайлы суыртпақтап сыр тарта бастағанда темірдей тәртіпті ту етіп, қиындық қамытын арқалаудан ат-тонын ала қашпайтын тиянақты жан екендігіне көз жеткіздік. Әңгімесінің бөгеуі ағытылған жұмыс кабинетінде отырғанымызда бес қаруын асынып, мұздай құрсанған жауынгердей санитарлық талаптарды қатаң сақтап, бізді де соған шақырды. Әлбете, орынды ұсыныс. Екі етпедік. Кабинеттегі тәртіп жөнге келген соң Темірхан аға сөзін жалғай түсті.

– Ертістің деңгейі көтеріліп, ауылымызды су баса бастады да балық зауыты жабылып, тұрғындар жан-жаққа көшті. Әкем сол кезде Қарақастағы балық зауыты директорының орынбасары болып істейтін. 1958 жылдың жазында Жалаңаш ауылындағы «Барход» балық учаскелік бөлімшесінің бастығы болып тағайындалып, сонда қоныс аудардық, – дейді Темірхан Әбенұлы.

Жалаңаш алақандай ауыл болған-тұғын. Кейіпкеріміздің үйі көлге жақын орналасқандықтан дауыл соқса бөлмелерді әп-сәтте сағасын ырып-жырып тепсінетін толқын шайып кететін. Бұл да бір жер жағдайының қолайсыздығы еді. Ал келесі жылдың көктемінде өмір ағысы Әбен ақсақалдың жаңа жұмысына сәйкес отбасымен Ақсуат ауылына атбасын тіреуге себепші болды. Кіндік қаны тамған жерден жырақтап, өздеріне таңсық топыраққа табандары тие сала дайын үй болмағандықтан Әбен Мұқажанұлының жанұясы «Тамашаның тарланы» атанған бірегей өнер иесі Уайс Сұлтанғазыұлының Қабдыкәрім деген ағасының шаңырағына аялдаған. Қарақастан қоныс аударған кейіпкеріміздің Ақсуатта алғаш танысқан замандастырының бірі де осы дарынымен дүйім жұртқа танылған Уайс болатын.

Ақсуаттағы алғашқы досы

Құмды жерде қоныс тепкен Ақсуатта тұрғындар балық аулауды басшылыққа алып, сонымен нәпақасын тапты. Ақсуат – Күршім ауданындағы Балықшы ауылдық округіне қарады. Жергілікті жұрттың уақ-уақ елең-алаң күйге түсіп, саналарына сенімсіздік енуінің себебі жоқ емес-тін. Асау Ертіс арнасынан асып, екпінімен жеткен ақбас тасқындар бірін-бірі тықсырта айдап, санын шапалақтай тулап мың бүктеліп, жүз толғанып толықси, үстіне зәуідеғалам ілінген салындыларды лықсыта арындай түсетін. Осыған байланысты суастында қалған ауылдар жоғарыдағы қырға көшіріліп, үйлер салына бастады. Ауыл Ақсуат деп аталып, тұрғындар саны екі мың адамға жуықтаған. Болашақ дәрігердің балалық шағы Ақсуатта айрықша қызық өтті. Қалайша? Өзіне таңсық елді мекенде ең алғаш емен-жарқын сөйлесіп кеткен жандардың бірі – Уайс Сұлтанғазұлы дедік. Бала күнінен-ақ еңсегей бойлы, аққұба келген ол бірде Темірхан ағаны сынағысы келіп күресуге қолқа салады. Екеуі бірін-бірі олай да бір, бұлай да бір тартқылап, соңында достық сезімінің қылын жалғай түскен.

Уайс Сұлтанғазыұлы

– 1966 жылдың жазында орта мектепті тәмамдап, бір топ бозбала кемел білім жолында «институт қайдасың» деп жан-жаққа пышырадық, – дейді кейіпкеріміз өткенге бір ой жүгіртіп. – Өзім Құмархан ағамның жолын қуып дәрігерлік институтқа түстім, ал Уайс малдәрігерлік институтқа түсуге жинаған баллы жетпей, ауылға қайтты. Содан екі жыл әскери борышын өтеген соң Алматыдағы өнер институтына актерлік мамандыққа түсіп, елге мәлім әртіс болады. Кейін Уайс «Темірхан, сен адам болдың, мен әртіс болдым» деп қалжыңдайтын.

Жұбайын жолықтырған сәт

1972 жылы Семейдегі медицина институтын бітірген соң Өскемендегі облыстық ауруханада алдымен бір жылдай интернатурадан өтіп, іле Үлкен Нарын ауылында хирург болып жұмыс істейді. Жалғыз емес, Құдай қосқан қосағы Лидия Габдулвахитқызымен (акушер-гинеколог) үш жылға жуық жеңіл жарақаттардан бастап, күрделі оталарды да жасайды. Бұл кезде жұмыспен қатар ұдайы ізденіс үстіндегі Темірхан ағаның тәжірибесі де жыл өткен сайын толыса түскен. Жеті жылға жуық білім қуған маманның еңбек жолы осы Үлкен Нарын ауылынан басталды. Айтпақшы, кейіпкеріміздің жүрек қоңырауын соқтырып, тағдыр тоғыстырған Лидия апайды осы жаққа келмей тұрып жолықтырған.

Ұлан ауданында табан ет, маңдай терін төгіп хирургияда бес жыл қызмет атқарады. Әр ісін тап-тұйнақтай етіп аяқтайтын тиянақты жігіт аудандық ауруханада тәжірибесі толысқан маман ретінде жемісті еңбегін жалғай түседі. Аудандарда қызмет еткен сол бір кенді де, кенішті сегіз жылда науқастар мен әріптестерінің сенімін арқалап, 1981 жылы облыс орталығындағы облыстық онкологиялық диспансеріне хирург болып орналасады. Артылар жауапкершілік жүгі де тым ауыр еді. Күршімдік ақ халатты сын сағаттарда бағыт беріп, білгенімен бөліскен Иван Задорожныйға зор алғысын жеткізген-тін.

Темірхан Әбенұлы мен Лидия Габдулвахитқызы

– Жұмыс ағысына ілесіп, бейімделіп кету оңайға соқпады. Асқазан, ішек, бүйрек ауруларының барлығына, тері, омырау бездеріндегі ісіктер мен өзге де асқынған онкологиялық сырқаттарды емдеп, күрделі оталар жасау қажет болды, – дейді Темірхан Мұқажанов.

Ажалдан аман қалған періште

Осындай қарбалас қызмет барысында жоғары дәрежелі хирург, онколог-дәрігер атанды. Топшылап айтса, жүріп өткен еңбек жолында 10 мыңға жуық ота жасапты. 1987-ші жылдары облыс орталығындағы онкологиялық ауруға шалдыққандар саны күрт артып, ал материалдық база тұрғысында республика көлемінде біршама кенжелеп тұрды. Темірхан Әбенұлы қызметіне кіріскен сәттен бастап осындай келеңсіз жайттарды саралап үлгерген еді. Дерті асқынып кеткен жерлестерінің бетін бері қаратып, жағымсыз статистиканы түзету үшін белді бекем буды. Әлбетте, бір өзінің қолынан келмесі анық. Біліктілігі жағынан біршама қалыптасқан дәрігерлер мен көмекшілері, барлығы тізе қосып желкенді қайықты сеніммен есе түсті. Қызметте қиындық қамалын бұзып, құрылған жүйелі жоспар жемісін бере бастағанда Өскеменнің түкпір-түкпірінен бөлімдер ашыла бастады. Терапевт корпусы, Серікбаев көшесіндегі емхананың екі қабаты, іш құрылысын, өкпе ауруларын емдейтін онко-гинекологиялық бөлімшелер ашылды. 1986 жылдан бастап ШҚО онкологиялық диспансерінің бас дәрігері болып тағайындалып, Темірхан ағамыз бұл қызметте табан аудармай 16 жыл еңбек етті. Маңызды жайттардың бірі, 40 төсек-орынға жабдықталған маммология мен ауруы 4-ші деңгейлі сырқаттарға арналған бөлімшелер де жұмысын бірден бастады. Жекелей ашылуларының өзіндік себептері бар-тұғын. Себебі 4-ші деңгейлі сырқаттарға көңіл аударып қарайласуға көпшілігі ден қоймағандықтан Темірхан аға бөлімшенің бөлек орналасып, тиісті мамандарды сол жаққа жұмылдырды. 48 жыл еңбек өтілінде жерлесіміз түрлі асқынулар бойынша ота жасап, сұстана төнген талай қауіптің бетін қайтарды.

– Бірде Ұлан ауданының Бозанбай ауылында ымырт үйірілген шақта ауруханаға жедел шақыртты. Апыр-ай, асыға жеткенде үш жасар балғынның өлім мен өмір арасында жатқанын көрдім. Ата-анасынан сұрастырсам: «Ойнап отырған баламыз Газ 53 көлігінің астында қалып қойды» деді. Абайсызда келген кесел баланың ішін басып өткен. Жедел операцияны бастадық. Шиеттей баланың көк бауыры жарылып, ішіне қан толып кетіпті. Оны тоқтату үшін езіліп кеткен көк бауырды алып тастауға тура келді. Газ53 автокөлігі таптап өткенде кеудесі жарылып, өзге іш құрылысы жарыққа кіріп кеткен. Періштесі қақты ма, әйтеуір, бар білгенімізді салып өмірін арашалап қалдық, – деген тәжірибелі хирург жауапты жұмыста жанынан табылған анестезиолог, операциялық медбикелер мен ассистенттердің еңбегін атап өтті.

Достарының бірі – Досхан Жолжақсынов

2003 жылдан бастап жұбайы екеуі жекеменшік маммологиялық орталықта денсаулық саласындағы мінсіз қызметтерін жалғастырып келеді. Қолы қалт етсе, білген-түйгенін параққа түсіріп, медицина тақырыбында екі ғылыми оқулық ("Қала экологиясы", "Радиациялық экология негіздері") және екі көркем-әдеби кітап ("Әр ғасырдың адамдары", "Тілектестер") жазып, оқырмандарға ұсынды. Кейіпкеріміздің дәрігерлік қызмет сатысын тізбектеп ұсына бергеннен гөрі жақындары мен достары жайлы оқырмандардың хабардар болуын құп көрдік. Мақала әлқиссасында тай-құлындай тебісіп, ара-тұра балалыққа басып шалдуарлыққа барған Уайс Сұлтанғазинді сөз еттік. Кино саласында тарихи фильмдерде әр образды ойдағыдай алып шығып жүрген Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, аймақ волейболын республикалық, халықаралық аренада танытқан Бек Әмренов те Ақсуат ауылының топырағында аунап-қунап, Темірхан Әбенұлымен балалық шақтың қайталанбас бақытын бірге көрген.

Досхан Жолжақсынов

Араларын бір-екі жас бөліп тұрғанымен өмірдегі достардың арасын ешбір пенде бөле алмаған. Лайым замандастардың қалжыңы жалғасып, Шығыс өңірінде бастары қосылса емен-жарқын шүйіркеле түссін.

Бек Әмренов

Әулетінің бәйтерегіне айналған Темірхан аға Арман, Алмас, Наримандай ұлдары мен Әсемдей қарагөз құлыншағының қызығына тоймай, немерелерінің несібесін көріп келеді. Қауымдастырылған профессор, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғары дәрежелі маммолог, «Медицина үздігі» төсбелгісімен марапатталған күршімдік дәрігер мен жоғары дәрежелі акушер-гинеколог, санолог Лидия Габдулвахитқызының денсаулық күзетінің отына бірге төзіп, оғына кеуде тосқанын тағдырдың берген тәтті сыйы десек артық болмас.

Әділхан ЕСІМХАНОВ