Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының жолы бүгін тазаланбақ

469
көрілім

Неше күнгі үдей соққан қарлы боран өңіріміздегі елді мекендердің көлік қатынасына айтарлықтай қиындық туғызды. Редакциямызға қоңырау шалып хабарласқан Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының тұрғыны Маралды ауылына дейінгі жолдың әлі тазаланбағанын айтқан еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Маралды ауылына дейінгі жолдың тазаланбағанына бірнеше күн болды. Ауданға жете алмай отырмыз. Тіпті балаларымыз қаладағы оқуына да бара алмай қалды. Ауданнан Маралды ауылына дейінгі жол тазаланады да, бері қарай тазаламайды. Әкімдікке қоңырау шалып айтсақ, құлақ аспады, – дейді ауыл тұрғыны Анар Батырхан(аты-жөні толықтай өзгертілген).

Осы орайда ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша аудан әкімдігіне хабарласқан едік.

– Бірнеше күнге жалғасқан боранға байланысты жолдар уақтылы тазаланбай жатыр. Жол бүгін кешке дейін толықтай тазаланады, – дейді Күршім ауданы төтенше жағдай жөніндегі бөлімінің бас маманы Данияр Әділбеков.