Күршім ауданында ауызсумен қамтылған ауылға тағы бір құдық қазылған

526
көрілім

Жуықта Күршім ауданындағы Ақши ауылының тұрғындары редакциямызға қоңырау шалып, ауыл шетіндегі «жұмбақ» құдықтың не мақсатпен қазылып жатқаны жайлы сұраған еді. Соны білу үшін аудан әкімдігіне ресми сұраухат жолдадық. Әсілінде «жұмбақ» құдық тұрғындарды таза ауызсумен қамту мақсатында қазылған екен. Бірақ жергілікті жұрттың айтуынша, бұл елді мекенде ауызсудан таршылық көріп жүрген ешкім жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құдықтың сыры ашылды

Осы уақытқа дейін Ақши ауылының тұрғындары ауылдан шеткері қазылған құдыққа таңданыспен қарағаны рас. Мұның себебін өздері айтып берді.

– Ауылымыздың шетінде «жұмбақ» құдық пайда болғалы біраз уақыт. Ауылда ауызсу бар. Десек те бұл құдықтың не үшін қазылғанын ауылда ешкім білмейді. Құдықты қазып су шығарды да кетіп қалды. Біздің білгіміз келетіні осы құдық қандай мақсатта қазылған? – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Құмаров (Аты-жөні өзгертілген).

Араға бірнеше күн салып құдықтың сыры ашылды. Сөйтсек, жаңа құдық енді Ақши ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етпек екен.

– Ақши ауылының іргесінен құдық қазу жұмысы 2019 жылдың қыркүйек айында басталған. Тұрғындар саны 50-200 адамға дейінгі ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамту мақсатында суды тазартатын блоктық-модульдық станция салу қолға алынды. Тереңдігі 50 метрлік құдық ауылдың оңтүстік батысына қарай шеткі үйлердің маңында қазылған. Құдықтан орталық көшенің бойына дейін шеткі үйден 15-20 метр жерге ұзындығы 250 метр су құбыры тартылып, колонка орнатылады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.

Оның айтуынша, биылғы жылы Күршім ауданында 10 елді мекенге суды тазартудың блоктық-модульдік станциясы орнатылып, пайдалануға беріліпті. Атап айтсақ, Ақши, Топтерек, Қыстаукүршім, Жиделі, Бірлік, Ақжайлау, Үшбұлақ, Шанағаты және Қайнар, Былғары-Табыты ауылдары. Сонымен қоса осы жылы аталмыш станцияларды орнатуға облыстық бюджеттен 784225,3 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 10050,1 мың теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілген.

Төрт жылда түгел қамтылады

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Қалжыр ауылында су құбырларын тарту жұмыстары басталыпты. Тіршіліктің нәрі – су екенін ескерсек, онда бұл қуаныш сусыраған халықтың көңіл хошын табары хақ. Десе де аудандағы бірқатар ауылдарда әлі де орталықтандырылған ауызсудың жоқтығы көңілге қаяу түсіретіні рас.

– Аудан аумағында орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілмеген 13 елді мекен бар. Олар Алғабас, Қайнарлы, Күнгей Бөкенбай, Теріскей Бөкенбай, Боран, Қалжыр, Оң Жақ-Қалжыр, Маралды, Барақ батыр, Төсқайың, Бұғымүйіз, Уранхайка және Балықтыбұлақ ауылдары. 2020-2024 жылдарға арналған Күршім ауданының кешенді жоспарына сәйкес ауданның барлық елді мекендері орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады, – деді Ерлан Шораяқов өз сөзінде.

«2024 жылға дейін барлық ауылдар орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады» деген мінбердегілердің сөзі жұрттың көңіліне демеу болары анық. Себебі ауылдағы тұрғындардың қалаға үдере көшуінің басты себебі осы ауызсу зәрулігі екенін біліп те, естіп те отырмыз. Осы ретте билік басындағылардың көрсеткіш көксемей құдықты нақты керек жерге орнатқаны әлдеқайда дұрыс болар еді.

Таунар ҚАЙРАТ