Күршім ауданында белгілі театр актері Уәйіс Сұлтанғазинді еске алу кеші өтті

612
көрілім

 «Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы .
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы»...ақиық ақын Мұқағалидың өлеңі. Бірақ осы шумағы шартарапқа белгілі болған жерлесіміздің бүтіндей бір өмір жолынан алынғанға ұқсайды. Қуанышпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салатын қарапайым халықтың шексіз сүйген ұлының тағдыры. Ол өмірін өнерге арнап, сүйе тыңдаған елін ғұмыр бойы күлдіртіп өтемін деп жүргенде мезгілсіз өтіп күңірентіп кеткен Күршім өңірінің азаматы – Уәйіс Сұлтанғазин.

Көрермендердің жадында «Тамашаның тарландары» деп аталған Жарасқан Әбдірашев, Мейірман Нұрекенов, Тоқсын Құлыбек, Лұқпан Есенов, Құдайберген Сұлтанбаев сынды комиктердің сабында Уәйіс Сұлтанғазин да бар. Әскери міндетін өтегеннен кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімінде оқып жүріп-ақ М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында өнер көрсете бастаған. Әсіресе танымалдылыққа әкелген «Тамаша» ойын-сауық отауындағы ойнаған рөлдері күлкіге қарқ қылушы еді. Сол саф өнердің үздігі болған тұлға – Шығыстың Уәйісі еді.
 Ағайыннан береке, елінен мереке кетпеген қарапайым ғана ауыл көшесінің шаңын шығарып ойнаған қара бала. Іргесін Зайсан көлінің күміс суы шайып, даласы жусан аңқыған Ақсуат ауылында туып өскен баршаға танымал актер Уәйіс ағамыз өнердің биік белестерін бағындырған. Жұрттың жадында кербездікпен емес, кеңпейілдікпен, өркөкірегімен емес, өнерімен мәңгі есте қалған тұлға. Бүгінде артында қалған ұрпақтары мен көрермендері оны әлі күнге дейін көз алдында қағытпа қалжыңдары мен жылы бейнесі жарқыраған өнерпаз ретінде елестетіп жүр. Ердің жасы елу жасында өмірден озған театр майталманы тірі болса жетпіс жасқа толатын еді. Осыған орай актердің ұрпағы мен достары, туған-туыстары Күршім ауданында бас қосып ас беріп, еске алу кешін өткізген еді.

Актерды еске алу кешіне жиналған қонақтар


 Өткенге иман, тіріге салауат тілейтін халық алдымен мешітке жиналып аруақтарға құран бағыштады. Өлі разы болмай, тірі байымайтынын білетін көпшілік Күршім ауылындағы Алла үйіне лық толды. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын деп қол жайған ел Уәйіс Сұлтанғазин жайлы жақсы естеліктерімен де бөлісті.
 – Ауданымызда небір қазаққа белгілі қайраткерлер бар. Соның бірі Уәйіс ағамыз. Театр саласына телегей теңіз табыс әкеліп, сахна атты киелі орынның отымен кіріп, күлімен шыққан жерлесіміз. Сондықтан қашан да болсын сырбаз өнердің саңлағы болған тұлғалар ешқашан ұмытылмауы тиіс, – деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.
 Ауданның ардақты азаматтарының бірі болған өнерпаз кеңкілдеген кейуана мен еңбектеген бала, еңкейген қарттың көңілін жадыратып, сарайын ашатын әзілімен белгілі. Киелі мамандықтың соқпақты жолдарында сүрінбей жүріп өткен өнердің нағыз адамы достарының есінде бедел бітімі келіскен Уәйіс емес, бала күнгі Уәйіс болып қалған.
 – Сахнаға шықса күн шыққандай жарқырататын Уәйісті біз Ақсуаттың топырағын басып өскен қара домалақ бала ретінде білеміз. Сол кезде ақ көзі күлімдеп, аңқылдаған мінезі мен елгезектігі ауылдастардың еріксіз мейірімін тудыратын. Тіпті мектепті үздік оқымаса да тапқырлығы мен жүзінің жылылығының арқасында мұғалімдерден де қалаған бағасын  алатын, – деп күлді сыныптасы Бек Кунапьянов.
«Аңқылдаған бала кезден бір досым,
Есіме алам балалық шақ, әр кезім.
Ақсуаттың құмында өсіп, өркейіп,
Алматыдан бір-ақ шыққан әртісім» – ... деп досына деген сағынышын өлеңмен жеткізген жолдасы Темірхан Мұқажанов та бірге жүріп өткізген талай күндерін қимастықпен бір шолып өткендей болды.

Уәйіс Сұлтанғазинға орнатқан ескерткіш тақтаның алдында дос сыныптастары


Тапқырлығы таңдай қақтыратын бала сол кезде ақ болашақта бір биікті бағындыратыны байқалған екен. Актердің туған жеріне келіп, атап ас берген жанұясы жерлестерін көріп жадырап қалды. Жары Шолпан мен ұлы Ермек ата-бабасының ежелгі қонысына арнайы жол тартып, немерелері Ұлан мен Сұлтанды да ерте келген.

Ортада ұлы Ермек және немерелері Сұлтан мен Ұлан


– Әкем театр десе ішкен асын жерге қоятын. Оның сахна мен көрермендеріне деген адалдығы спектакль соңында ду қол соғатын қошеметпен ақ білінетін. Әкемнің достары қонаққа келіп «өскендесен де әртіс боласың ба?» дегенде «жоқ, жоқ болмаймын» деуші едім. Бәлкім, бұл әкемнің таң бозынан тұрып, түн ортасында келетін жұмысына қарап қаламаған балалық ойымнан шығар, – деп езу тартты ұлы Ермек.
 Мешітте құран бағышталғаннан кейін күршімдіктердің көп қарасы аудандық Мәдениет үйіне қарай ағылды. Аудандық өнер ордасының мүшелері жерлес ағаларын еске алу кешін ұйымдастырып, ән мен жырдан шашу шашты. Сахнада өткен ғұмырдың тек сахнада ғана қайта тірілгендей болатыны хақ. Осы оймен ойсырап тұрған орнын толтырғандай болған Уәйіс Сұлтанғазин туралы бейнематериал көрсетіліп, естеліктер молынан айтылды. «Ұмытылмас асыл бейнең» атты еске алу кеші аңсаған жұрттың тамсанған өнерін тағы бір көз алдына әкелгендей болды.
 Елім деп сүйген ерге сыныптастары Бек Кунапьянов пен Темірхан Мұқажанов бастаған құрдастары игі бастама көтеріп ауылдың бір көшесіне атын берген. Мұнысы мәңгіге кеткен достарының аты өшпесін деген ниеттері. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүріп көшеге есімін беріп, тіпті мәрмәр тақтасын да өздері орнатқан.

Уәйіс Сұлтанғазин атына берілген көше


 Ауданға еңбегі сіңген азаматтардың бірі Сейіткәрім Рамазановтың сөзінше, қазақ «құт қонған мекен», «топырағы киелі жер» деген сөздерді жиі айтады. Сол сияқты асыл азаматтары шыққан Ақсуат ауылы да бұлбұлдар мен дүлділдердің ордасындай. Бірақ қоғам қайраткерлері шыққан ауылдың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі кірбің түсіргендей. Жұрттың тілеуі талай болашақ таланын өсіріп-тәрбиелеп, ұядан түлетіп ұшырған Ақсуаттың бұрынғыдай жанданғаны. «Дұға қабыл болсын» айта келген жамағаттың ішіне сыймай ала келген «әттегені-айы» да осы. Көпшіліктің пікірінше, өзіндік өнер фабрикасына айналған шалғайдағы шағын ауылдың кетеуі бүгінде кетіп-ақ тұр...

Біздің анықтама

Уәйіс Сұлтанғазин Күршім ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. Көпке белгілі театр актері, ұлттық сатира мен эстраданың жарық жұлдызы. Бірқатар кинофильмдерге түсіп, «Тамаша» ойын-сауық отауының белді мүшесі болған жерлес өнерпаз.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ