Күршім ауданында жыл үздіктері марапатталды

863
көрілім

Күршім ауылында Тәуелсіздік күніне орай әр саланың үздіктері марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудандық Мәдениет үйіне ағылған күршімдіктер салтанатты шара барысында шұрқырасып табысып жатты. Мекемеге кіре бере музыкалық ұжымның қазақ күйлерін бірінен соң бірін күмбірлете орындаған өнері де айрықша. Жиналғандардың бір ғана мақсаты – жыл үздіктері марапатталған сәттің куәсі болу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл сегіз бағыт бойынша еселі еңбек етіп, оза шапқандарды анықтау алғаш рет қолға алынып отыр. Оның ішінде, жуырда Румынияның Константа қаласында өткен қол күресінен Әлем чемпионатында жүлдегер атанған спортшы да бар екен. Мерекелік шара алдында сөз алған аудан әкімі Дулат Қажанов үстіміздегі жыл күршімдіктер үшін жемісті болғандығын атап өтті.

 – Тәуелсіздік алғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. 28 жыл. Аз ғана уақыт. Осы мерзім аралығында кездескен түрлі қиындықтарда ел-жұртымыз ауызбіршілікті ту етіп, біраз белесті бағындырды. Өз кезегінде күршімдіктер де осы жылды айрықша жемісті тәмәмдады, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара барысында «Үздік полиция қызметкері», «Үздік дәрігер», «Үздік спортшы» сынды аталымдар бойынша тиісті жүлделерге ие болды. Бір ерекшелігі, бір аталым бойынша үш адам шақырылып, соның ішінде оқ бойы озық тұрғандарға жоғары дәрежелі жүлделер табыс етілді. Бұл күні әр марапаттауда ауданға еңбегі сіңген, талай жыл табан аудармай қызмет еткен жандардың болғандығын айта кеткен жөн.

Әділхан ЕСІМХАНОВ