Күршім ауданындағы орта мектепте заң талабына сай емес шағын орталық бар

937
көрілім
Редакциямызға хабарласқан тұрақты оқырманымыз Күршім ауданы, Алғабас ауылындағы орта мектепте заң талабына сай емес шағын орталықтың бар екендігін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, сол жерде мектеп жасына дейінгі балалар сағат 14.00-ден 17.00-ге дейін тәрбиешілердің қарауында отырады. Аталмыш шағын орталықта балаларға арналған арнайы жабдықтар мен ойыншықтар жоқ көрінеді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп көрдік. Газет редакциясына ресми жауап берген Күршім ауданы әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаеваның айтуынша, Алғабас орта мектебіндегі шағын орталық 2004 жылы мемлекеттен арнайы лицензия алған.
«Балғындардың жағдайы жасалмаған!»
Редакцияға қоңырау шалған Күршім ауданының тұрғыны Мөлдір Ерсоветова (аты-жөні өзгертілген) Алғабас ауылында мемлекеттік тіркеуге алынбаған шағын орталықтың жұмыс істеп тұрғанын алға тартты. Оқырманның айтуына қарағанда, ауылдағы орта мектептің ішінде орналасқан шағын орталық заң талаптарына мүлде сай емес.
Бұл шағын орталық қағаз жүзінде рәсімделмегендіктен, оған бюджеттен ақша бөлінбейді, – дейді Мөлдір Ерсоветова. – Балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі де жоқ. Қазір сол шағын орталықта 2-5 жас аралығындағы 40 бүлдіршін тәрбиеленуде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, сонда қаршадай балдырғандарға бірдеңе болып қалса, кім жауап бермек?!
Оның айтуынша, ауылдағы жалғыз шағын орталыққа арнайы құрал-жабдықтар сатып алынбаған. Сонымен қатар, балаларға қажетті ойыншықтар да қарастырылмаған көрінеді.
Ол жерге келген балақайлар сағат 14.00-ден 17.00-ге дейін екі тәрбиешінің қарауында болады. Сонда айналдырған 3 сағаттың ішінде балаға қандай тәлім-тәрбие берілмек? Қазір бұрынғы заман емес, талап қатты. Кішкентай балғындар балабақшадан бастап 3 тілде білім алуы керек. Міне сол үшін шағын орталыққа келген балаларды әйтеуір уақыт өткізу үшін тыныштандырып ұстап отырмай, логикалық ойындар ойнатуы қажет қой. Жалпы мәпелеп отырған сәбиі бар Алғабас ауылындағы әр отбасы мектептен бөлек ғимараты бар шағын орталықтың ашылғандығын қалайды, алайда әкімдіктегілер мұң-наламызға құлақ түрмей, енжарлық танытуда, – дейді Мөлдір Ерсоветова.
Ыңғайлы ғимарат қарастырылуда
Күршім ауданы әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаева аталған шағын орталықтың 2011 жылы ашылғандығын жеткізді. Орынбасардың сөзіне сүйенсек, қысқа мерзімді шағын орталық әуел баста 25 орынға арналған. Ал 2017-2018 жаңа оқу жылынан бастап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекеме 40 орындық болып толықтырылыпты.
Алғабас орта мектебіндегі шағын орталық 2004 жылдың 8 желтоқсанындағы №АА0000929 лицензиясы негізінде және мектеп Жарғысына сәйкес құрылған, – дейді ол. – Негізінен мектептің қуаттылығы 144 орын, қазіргі уақытта оқушылар бір ауысымда дәріс алуда. Мектепте кабинеттік жүйе болғандықтан, қысқа мерзімді шағын орталықты толық мерзімдіге ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Қазіргі уақытта Алғабас ауылында 0-6 жас аралығындағы бала саны – 79, оның ішінде 5 жастағы 14 балақай мектепалды даярлық сыныбында, 6 жастағы 10 бала 1 сыныпта оқиды. Ал 40 балдырған шағын орталықта мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бүгінде ауылда толық мерзімді шағын орталық ашуға ыңғайлы ғимарат қарастырылуда.
Біздің анықтама
Күршім ауданы бойынша 4 балабақша бар. Онда 445 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудандағы 38 шағын орталықтың, 24-і толық мерзімді, 14-і қысқа мерзімді. Шағын орталықтар 935 балаға арналған. Қазіргі уақытта 902 бала мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтылған. Балабақша мен шағын орталықтардың құрылыстары мұнымен тоқтап қалмаған. Биыл Ақжайлау негізгі мектебі жанынан 15 орындық толық мерзімді шағын орталық ашылған. Сонымен қатар, Күршім ауылында 140 балғынды қамтитын балабақша құрылысын жүргізу, 2019-2020 жылдарға шекара аумағындағы елді мекендерді дамыту жоспарына енгізіліп, облыстық Білім басқармасына арнайы жоспар ұсынылыпты. ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бұл жобаны қолдады, бірақ инвестицияға қажетті қаржының жоқтығы себепті жоба мақұлданбай қалған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шартты фотосурет