Күршім ауданының Қалжыр ауылында салынып жатқан үйлер көпбалалы отбасыларға берілмек

4719
көрілім
Шартты фотосурет

«Осыдан 30 жыл бұрын қандай оқиға болды?» дегенде көпшілігі қиял құсын қияға ұшырып, республика көлемінде болған тарихи жайттарды ой иіріміне түсіре бастайды. Алысқа барудың қажеті жоқ. Зайсан, Күршім аудандарында болған жер дүмпуін талай тұрғын әлі жадыларынан шығармаса керек. Соның ішінде зілзала болған сәтте Қалжыр ауылында жұртшылық абдырап, дел-сал күйге енгендей. Құлаған үйлерден келген шығын қомақты еді.

Қазіргі уақытта аталған елді мекенде жаңадан үйлер салынып, қауырт тірлік қолға алынған. Уақыт ағымы өзімен бірге өзгерісін ала келіп, 1990-шы жылдары құрылысы тоқтап қалған үйлер қазір қолданысқа берілуге шақ қалды. Осы ретте құрылысқа қай мекеме жауапты, қанша қаржы бөлінді, сондай-ақ салынып біткен соң пәтер кілті кімге табысталады деген сауалдар легі түскен болатын.

– Жер сілкінісінен соң тұрғын үйлердің құрылысы жаппай жүргізілгені рас. Қазіргі уақытта үш бөлмелі екі тұрғын үйдің құрылысы салынуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.

Құрылысты жеке кәсіпкерлер жүргізуде. Қанша қаржы жұмсалып жатқандығы жөнінде ақпарат ұсынылмады, себебі оны бөлетін іскер азаматтардың өзі. Қалжырлық Гүлмарал Айтбекованың (аты-жөні өзгертілген) сөзінше, ауылда осыған дейін тыңнан тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Біршама азаматтар кіндік қаны тамған жерінен басқа жаққа қоныс аударған бүгінде. Аудан әкімінің орынбасары соңғы жылдары бұл ауылдан бес тұрғынның көшіп кеткенін жеткізді.

– Тұрғын үй құрылысы осы жылдың қазан айында басталды. Салынып жатқан үйлер тұрмысы төмен қарттарға, «Дипломмен ауылға» келген жас мамандарға, көпбалалы отбасыларға берілмек. Жалпы, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 53 көпбалалы отбасы тұр, оның 24-і аз қамтылған жанұялар, - деді жаупаты тұлға.

Жас мамандардың келетіні шүбәсіз. Себебі бұл жақта бос тұрған үйлер жетерлік. Ал аудандағы көпбалалы отбасыларға келсек, олардың саны – 363, аз қамтылған 140 шаңырақ бар. Қалай десек те ұзын-саны 1182 тұрғыны бар Қалжыр ауылында әлі де қайнаған тірліктің лебі аңқиды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ