Күршім ауылындағы кіші қамту қызметкерлері қосымша жұмыстар үшін ақы төленбейтіндігіне наразы

2175
көрілім
Шартты фотосурет

Осы сауалды қойған күршімдік тұрақты оқырмандарымыз тек біржақты пікір жүзінде ғана емес, аудан көлеміндегі жайттар бойынша мысал келтірді. Жалпы өзге аудандардағы мектептерде де осы сауал жиі көтерілгенімен, көпшілігі іштей «бұрқылдаумен» тынады. Бір есептен, нәпақа мен жалақылары тиісті міндеттерін орындауларына қарай төленгендіктен басшылыққа жеткізуге жүрексініп жатады. Күршімдік кіші қамту қызметкерлері де осы сұрақтың жауабын білу үшін аудан басшылығына қоңырау шалып, анық-қанығына ой жүгірту үшін сайт редакциясына қоңырау шалды.

«Еңбекақыдан тыс төленеді»

«Жұмысқа кірген екенбіз, мөлшерлі жалақымызды алғанымыз уақа емес. Дегенмен жөндеу жұмыстарына сәйкес төлем жағы әр мектепте әр қалай сияқты» дейтін қызметкерлер көңілі білім ошағының басшылығына күпті секілді. Қоңырау шалған нәзік жанды тұрғындар небір ауыр да күрделі жұмыстардың барлығына тартылып, әралуан шаруалардан шет қалмай келетіндерін жеткізді. Жалпы, оқырмандарда кіші қамту қызметкерлер деген кімдер сауалдар туындауы мүмкін. Бұған жауап та қарапайым: сол ауылдағы мектептің тазалығын ту етіп, айналаны бейсауат жатқан қоқыстардан айнадай ететін қарапайым еңбек адамдары. Еңбек адамдарының адал еңбегі ескерілмесе, мектеп басшылығына сын екені сөзсіз.

– Кейбір мектептерде істейтін таныстарымыздың айтуынша, еден жуушыларға бүкіл мектепке жөндеу жұмыстарын жасағандары үшін еңбекақыдан тыс ақша төленеді екен. Біздің еңбегіміз елеңбей жүрген сияқты. Ал мектепті сырлау, әктеу, құлаған жерлерін сылау сынды жұмыстарға сырттан кісі жалдап істету керек екен, – деді Айнаш Райымбекқызы (аты жөні өзгертілген).

Ауыр жұмыс атқарып

Жылына бір рет келетін мектептің жөндеу жұмысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеке келісімшарт жасалмайтын көрінеді. Аудан әкімдігінің мәліметі осындай. «Бұл жағы бесенеден белгілі ғой» деп алдын ала болған жайтты бағамдап отырған кіші қамту қызметкерлерінің көңіл күмбірі де орынды, бір есептен. Табиғатына нәзіктік тән қызметкерлер үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқысқа апару, сылақ жұмыстары шынымен-ақ оңайға түспейді. Аудан басшылығының ақпаратынша, Күршім ауылындағы төрт жалпы білім беру мектебінде 67 кіші қамту қызметкері бар. Жөндеу жұмыстарына тартылғандарға мемлекеттік бюджеті қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы №1193 Қаулысына сәйкес штаттық кестеде жалақы төленеді.

– Барлық ауыр да зиянды жұмыстарды біз атқарамыз. Еңбек демалысы – 24 күн. Оның ішінде демалыс, мейрам күндері есептелмеу керек қой. Одан бөлек, еңбекақының ақшасы да 56 мың теңге, яғни еңбекақы алсақ сонша болады. Бұрын демалысақы (отпускной) деген еңбекақыдан көбірек болушы еді, – Айнаш Камалқызы.

Еңбек демалысын аудан басшылығы да растады.

Күнтізбелік күндермен есептеледі

– Жұмыс беруші мен қызметкер арасында қабылданған кезде бір реттік келісімшарт жасалады. Демалыс күндеріне келсек, тазалаушыда 24 күн және зиянды құралдармен жұмыс атқаратын кіші қамту қызметкерлеріне негізгі еңбек күндеріне қосымша алты күн демалыс берілді, – деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.

Тағы бір айта кетерлігі, ҚР Еңбек Кодексі 90-бабы, 1-тармағына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан жыл сайынғы ақылы еңбек демалыс күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі.

Әділхан ЕСІМХАНОВ