Күршім колледжінің студентін пышақтап өлтірген ер адам түрмеге қамалды

768
көрілім

Күршім ауданында құрбысы үшін араша түспек болған еркек колледж жатаханасына келген. Жігіттер сөзге келмей бірден ерегесе жөнеледі. Сол кезде қалтасынан пышақ алып шыққан марқакөлдік қарсыласының оң жақ санына соққы жасайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Subaru Legasy» маркалы көлігіне мінген Марқакөл ауылының тұрғыны Еламан Жолдасбеков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) кешкі уақытта қыдырыстап көшеге шыққан. Аралас-құралас болып жүрген ауылдастарымен жолығып ішімдіктен ұрттайды. Біраз уақыттан соң ер адамдар Айсұлу мен Еркежан есімді таныс қыздардың үйлеріне барған. Еламан оларға «Ауылдың шыға берісінде орналасқан ЖҚС станциясы жаққа барып сыра ішейік» деп ұсыныс жасайды. Бойжеткендер келісімдерін беріп, көлікке мінген. Жол жөнекей дүкеннен тоқтаған 30 жастағы марқакөлдік бір жәшік сыра, екі бөтелке арақ пен темекі бұйымдарын сатып алады.

Діттеген жерге жеткеннен кейін бәрі әңгіме-дүкен құрысып, ащы судан ұрттап отырады. Кенет Айсұлудың ұялы телефоны шыр ете түскен. Бұл оның Күршім колледжінде оқитын танысы Сәкен екен. Екеуінің сөзі бірден жараспай, кикілжіңге түседі. Сол кезде тентек суға тойып алған Еламан Жолдасбеков Айсұлу үшін араша түспек болып, телефонды алған. Ерегесе кеткен екі ер адам ортақ мәмілеге келе алмады. Ашуға булыққан Еламан бірнеше жігітті ертіп, сағат 23.30 шамасында Күршім колледжі жатаханасының алдына келген. Сәкен де жалғыз емес. Екі досын ертіп сыртқа шығады. Жігіттер жаға-жыртысқа түсе бастағанда қалтасынан пышақ алып шыққан Еламан қарсыласының оң жақ санына бір рет соққы жасайды. Осының салдарынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші жатақхана ішіне қашып кіреді. Көп қан жоғалтқан Сәкен дәрігерлер келіп жеткенше сол жерде жантәсілім еткен.

Күршім аудандық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК