Күршім өткелінің жаңа иесі пайда болады

763
көрілім

Күршім өткелінің қазіргі иесімен облыс әкімдігі келісімшартты үзбек. Одан бөлек, Даниал Ахметов жалға берілген паромның келісімшартында кемшіліктер бар екенін айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізде болса, тамыз айының басында Күршім өткелі тоқтап қалған еді. Екі паром да жөндеуде болды. Соның салдарынан ұзын-сонар көлік кезегі жолаушылардың наразылығын тудырды.

Облыс әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, тасымал жұмыстарын ұйымдастыратын кәсіпкермен келісім бұзылады. Қыркүйек айының басында оған тиісті ескерту хат жіберілді. Егер  сеніп тапсырылған мүлікті 30 қазанға дейін қайтармаса, іс сотпен шешілмек.  

Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары паромның күштік агрегаты істен шыққандықтан, оны жөндеу өте қиын екенін айтады.

– Қозғалтқыш 1961 жылы жасалған. Қазіргі күнде ондай бөлшекті шығармайды, әрі қосалқы бөліктерін табу мүмкін емес. Тапсырыс 20-дан аса өндіріс орындарына берілді. Олардың көбісі бас тартты, – дейді Нұржан Жұмаділов.

Аймақ басшысының сөзінше, тасымалдың үзілуі дұрыс рәсімделмеген құжаттардың кесірінен.

– Жалға беру шартындағы қателік орындаушыны бақылау нүктелері жоқ болуынан. Мен бұдан әрі не болатынын айтайын: кәсіпкер сынған мүліктен бас тартып, бізге қайтарып береді. Арнайы топ құрып, заңгерлерді шақыру керек. Содан кейін шартты қайта қарап, барлық кемшіліктерді түзету қажет , – деді Даниал Ахметов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда тасымал қайта жанданды. Істен шыққан паромның орнына су бетіне теплоход шығарылды.