Күршім тұрғыны мылтықтарды заңсыз сақтаған

3085
көрілім

«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қаруды заңсыз сақтады деген күдікпен ауданның 54 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ер адамның үйін тінту барысында екі мылтық пен патрондар тәркіленді. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, оның қорытындысына сәйкес қарудың бірі 5,6 мм калибрлі «ТОЗ-8» мылтығы болып шықты. Екінші мылтық 12 калибрлі «ИЖ-18Е» модельді аңшылық тегіс ұңғылы мылтығы. Бұл тегіс ұңғылы аңшы мылтығы оқпанынын өздігінен қысқарту жолымен дайындалған екен. Қару 1963 жылы Ижевск механикалық зауытында шығарылып, бір-біріне сәйкес келетін әрі бөлшектерін алмастыруға болатын мылтықтардан жиналған. Ату үшін жарамды.
- Тәркіленген  73 дана патрон 5,6 мм калибрлі сақиналы тұтану патрондары, ал қалған 14 дана патрон өздігінен оқталатын карабинге, автоматтарға (АКМ, АКМС), аңшылық қаруға («Сайга» карабині) қолданылатын 7,62-39 мм калибрлі патрондар болып саналады.  Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы қабылданды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның санкциясымен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.