Күршімде ішімдікке масайған еркек екі бірдей туысына пышақ сұққан

685
көрілім

Күршім ауданы Барақ Батыр ауылындағы жер үйде бас қосқан ер адамдар ішімдік ішіп демалып отырады. Бір уақытта ащы суға масайыңқыраған 34 жастағы азамат жиенімен сөзге келмей қалған. Ашуына мінген ол туысына бірнеше рет пышақ сұғып жібереді. Онымен қоймай, көзі қанталап кеткен дойыр өзін тыныштандырмақ болған жәбірленушінің туған бауырын да жаралайды. Бұл жайлы Күршім аудандық сотында қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған.

Достық көшесіндегі жеке тұрғын үйде бас қосқан 4 күршімдік ішімдіктен ұрттап отырады. Сағат 22.30-дар шамасында олардың арақтары таусылып қалған. Үстел басында нан турап тұрған Мирас (есімдері толықтай өзгертілген) жиені Арқалықпен әңгіме-дүкен құрады. Сөз арасында тентек суға тойып алған Мирас Арқалықтың анасы жайлы сөзбен тиісе бастайды. Сол кезде сабыр таяғына таянған ер адам оның бұл сөздерін доғаруды сұраған. Алайда сабасына сыймай тұрған Мирас бассыздығын доғарғанның орнына жиеніне атыла кетіп, кеуде тұсына пышақ сұғып жібереді. Бұз аздай, ол жарақат алғанын сезбей, ет қызуымен орнынан көтерілген Арқалықтың ішіне 2 рет суық қаруымен соққы жасаған. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Мұны көріп қалған Арқалықтың туған бауыры Елдос жүгіріп келіп, Мирасты тоқтату үшін, құшақтап ұстап алады. Бірақ есірік судан есі кеткен 34 жастағы еркек оның арқа тұсына пышақ сұққан. Абырой болғанда, жараланған екі ер адам да аман қалды.

Күршім аудандық сотында айыпталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, істегеніне қатты өкінетіндігін айтты. Жәбірленушілер болса, туысқанын кешіретіндігін жеткізіп, судьядан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот үкімі бойынша Мирас Советханов ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК

Фотосурет: ашық дереккөз