Күршімде келесі жылы ҚарбызFEST ұйымдастырылмақ

760
көрілім

Күршім ауданында өсірілген қарбыздар облыс жұртшылығы арасында өзіндік брендке айналды. Алдағы жылы аталған мейрам Күршім ауданында өтуі мүмкін, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Айта кетейік, облыс орталығында қарбыз мейрамы кеңінен аталып өткен еді. Осыған орай фейсбуктегі парақшасында журналист Дарын Нұрсапар өз пікірін қалдырған.

– «Күршімнің қарбызы» деген керемет бренд бар. Бәрінің мақтағаны Күршімнің қарбызы, бәрінің іздегені Күршімнің қарбызы. Басқа жақтан келген қарбыз тіпті еленбейді де. Енді осы брендтің даңқын одан ары асыра түссе. Немістер сыра мейрамын үлкен әлемдік тойға айналдырғаны сияқты Күршімде Қарбыз мейрамын жыл сайын тамызда дүркіретіп өткізуге болар еді, – деп ниет білдірді ол.

Желі қолданушылары жазбаның астына көптеген пікірлер қалдырған. Бұл ойға қарсы шыққан ешкім жоқ. Барлығы жақсы шара болатынын, құптайтындарын жазған. Әсіресе Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановтың жауап берген комментарийі елді қуантты.

– Келер жылы ауданда өткіземіз. Өздеріңіз келіп сол шараны көпшілікке паш етерсіздер. Күршімнің қарбызын брендке айналдыру жолында бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді аудан әкімі.