Күршімде көлік жыраға құлап, 4 адам көз жұмды

2443
көрілім

Күршім ауданында көлік жыраға құлап, 4 адам мерт болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы «Үлкен-Нарын-Күршім» тасжолында болған. Күршім ауданының аумағында келе жатқан «Toyota 4Runner» маркалы автокөлігін 27 жастағы ер адам тізгіндеді.

«Жүргізуші жол дұрыс көрінбейтін учаскеде қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған. Соның салдарынан көлік жол жиегіне шығып кетіп, жыраға аударылып түсті. 59, 53, 43 және 30 жастағы төрт жолаушы оқиға орнында мерт болған. Ал көлік жүргізушісі әртүрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігіне (Көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүру ережелерін бұзуынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта бірқатар сот сараптамасы тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.