Күршімдік суретші Ержан Тұрғанбаевтың картиналары шетелдіктердің сұранысына ие

1250
көрілім

Бейнелеу өнерін өміріне серік еткен суретші Ержан Тұрғанбаев қылқаламын қолынан бір сәтке де тастаған емес. 1971 жылы Күршім ауданы Боран ауылында дүниеге келген ол бүгінде қарағанда көз құмарын қандыратын талай туындылардың авторы. Суретші шығармашылығының басты тақырыбы – ауыл тіршілігі. Сондықтан да оның қолынан шыққан картиналардан әркез туған жердің исі аңқып тұрады. Ержан ағаның суреттерін тек еліміздің түкпір-түкпіріндегілер ғана емес, Канада, Қытай елінен келгендер сатып алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кенептегі бейнелер

Суретшінің үйіне барғанымызда кіреберістен бастап төріне дейін қабырғада картиналар ілініп тұрды. Бір қызығы бірде бір фотосуретті көзіміз шалмады. Барлығы дерлік қолмен салынған туындылар. Кенеп бетіндегі бейнелердің басым бөлігі өзінің ата-анасы, балалары, туыс-туғандары. Сонымен қоса кіндік қаны тамған жерінің күнге күйген түйір қара тасына дейін салған екен. Суреттің шынайылығы соншалық, ормандағы бұлақтан өз бейнеміздің кескінін іздей бастадық. Бейне осы бір мөлдір бұлақты көшіріп апарып картина бетіне қойып қойғандай. Осыдан-ақ «фотосурет сызба суреттің орнын басады» деген ұғым теріске шығады.

Суретшінің картинасы

– Сурет салуға 4-5 жасымнан бастап қызығушылығым артты. Бала күнімде қарындаштың тұқылын жинап алып сурет салатынмын. Соның өзі маған үлкен ғанибет болатын. Өз жағымнан да, нағашы жағымнан да бәлендей үлкен суретші шықпаса да, өз деңгейінде жақсы салатын шеберлер болды. Анам ауылда дәрігер болып жұмыс істейтін. Бірде көршіміз ауырып анамды шақырды. Мен де еріп алдым. Кіріп барсам, баласы контуры сызылған дайын суреттерді бояп отыр екен. Іштей қызығып кеттім. Бұлай сурет салу менің де қолымнан келетініне сенімді болдым. Үйге келе салысымен газет пен журнал беттеріндегі фотосуреттерге қарап сала бастадым. Менің бейнелеу өнеріме деген қызығушылығым осылай басталды, – дейді ЕржанТұрғанбаев.

Ол өзінің осы өнерге келуіне тікелей себепші болған анасы екенін айтты. Тіпті бала кезінде шешесі жиған-терген тиын-тебенге өнер адамдары туралы жазылған кітапты сатып алып беріпті.

Ою-өрнек – көркемдіктің, сұлулықтың символы

Суретші мектеп қабырғасында жүріп-ақ өнерін шыңдаған. Мерекелік шараларда көркем жазу жазып, сурет салумен көзге түскен. Оның сол кездегі арманы арнайы сурет мектебінен білім алу еді.

– Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы сурет колледжіне бардым. 4 пәннен емтихан тапсырдым. Суретке байланысты сабақтардан жақсы нәтиже алғаныммен, диктант жазудан төмен болып оқи алмай қалдым. Кейіннен орныма басқа біреуді өткізіп жіберді. 5 жыл қатарынан жолым болмаған соң шарасыз үйге қайттым. Ақыры анамның ақылын тыңдап Семейдегі суретшілер мектебіне түстім. Әлі есімде, ауылда шөп жинаймыз. Түскі демалыс уақытында бәрі демалып жатқанда шіліңгір ыстықта масаға таланып сурет салып отыратынмын. Мен үшін демалыс деген сол болатын, – дейді өнер иесі кеңк-кеңк күліп.

Суретші шығармашылығының бір ерекшелігі, туындаларындағы табиғат көрінісін ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен айшықтап салуымен көзге түседі. Көбісі айбалта, қошқар мүйіз, үшбұрыш сынды өрнектер.

– Ою-өрнек – көркемдіктің, сұлулықтың, ұлттығымыздың символы. Әжелеріміз текеметке тектен-тек ою-өрнек салған жоқ. Қыз бала тәрбиесін іс тігуден бастап, табиғаттың көркемдігін, мейірімділігін ұрпағының бойына дарыта білген. Ал бүгінгі туындыларымдағы өрнектер сол ұрпақтар үндестігінің жалғасы. Тылсым табиғаттың тілі жетпесе көркемдігі көз алдыма нақышты ою болып елестейді, – дейді суретші.

Қазақстандық суретшілер өзгелерден кем емес

Айта кетейік, ЕржанТұрғанбаев бұған дейін талай жарыстан жүлделі оралған. Атап айтар болсақ ел Тәуелсіздігіне орай Семей қаласында өткен додада бес бірдей туындысы жүлделі орынға ие болды. 51 суретшінің ішінен оза шапқаны тегін емес. Бұл киелі өнердің құдыретіне тәнті болған халықтың өнер иесіне берген бағасы. Қылқалам шеберінің туындыларына шетелдіктер де қызығушылық танытыпты. Демек бұл біздің қазақстандық суретшілердің шеберлік деңгейі өзгелерден кем емес екендігін дәлелдейді.

– Бірде көрмеде тұрған туындыларға қытайлықтар келіп қатты қызықты. Суретті сатып алмақшы болды. Бірақ сатқым келмейтінін айтып едім жалынып-жалбарынып алмасы бар ма? «Суретті сатпасаң осында отыра берем» дегендей сыңай танытты. Ақыры еңбегімді бағалап алып кетті. Бұдан бөлек, канадалық қонақтар да бір картинамды өздеріне сатып алды. Кей кездері сызбаларымыз өтпей тұрып қалады. Нан емес қой күнде өтетін. Көбінесе мәдени орындарда көрме өткізу кезінде ғана сата аламыз, – дейді Ержан Тұрғанбаев.

Үш бағытта сурет салады

Кейіпкеріміз бүгінде үш бағытта сурет салады. Атап айтсақ, реалистік, декоративтік және абстрактілік бағытта.

– Абстракция мен үшін әуен іспетті. Себебі қүйдің құдыретін сөзбен жеткізу өте қиын. Оны жүрекпен сезініп, туындыға айналдыру керек. Музыканы естігенде де зейінмен тыңдаған жөн, – дейді ол.

Қылқалам шеберінің алғашқы көрмесі 2006 жылы А. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылса, 2016 жылы «Параллельдер» атты көрмесі Шығыс Қазақстан өнер музейінде өткізілді.

– Мен сұлу дүниені іздемеймін. Сұлулық деген ол – қарапайымдылық пен шынайылықта жатыр. Туынды жүректен шығу керек. Сонда ғана киелі өнердің керуені алысқа барады. Адам көп оқып білгенімен өз ойын қорыта алмаса ол білім саған өз бойыңдағы қабілетіңді ашуға кедергі келтіреді. Адам өз білімі негізінде туындысын жасап шығуы керек, – дейді кейіпкеріміз.

Демек шабыт – адам ойының көркемдік деңгейіне жеткен шағы десек қателеспейміз. Шебердің туындыларындағы өзгешеліктерді әріптестері де жоғары бағалайды екен.

– Ержан Тұрғанбаевтың шығармаларының өзгелерден артықшылығы, адам мен табиғаттың байланысын жақсы меңгергенінде. Әсіресе туындыларындағы кейіпкерлердің психологиялық көңіл-күйін көрерменге жеткізе біледі. Акварель техникасымен қазақ халқының тұрмысынан сыр шертіп, Оралхан Бөкейдің адами болмысын ашу суретші үшін үлкен ерлік, – дейді қылқалам шебері Гүлнар Мигражқызы.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, суретшінің Айкерім және Айым есімді қыздары да өнерден алыс емес. Шынымен де қос қызғалдақтың әке жолын қуып өнерді бойына дарытса, ата-ана үшін одан асқан бақыт бар ма?

Біз Ержан Тұрғанбаевты тек суретші ретінде ғана танысақ қатты қателесеміз. Шебер қолынан ағаш оюмен қатар, мүсін жасау өнері де келетінін әңгіме барысында айтып қалды. Кейіпкеріміз алдағы уақытта хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай облыстағы суретшілермен бірлесіп Өнер музейінде сурет көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Таунар ҚАЙРАТ