Қылмыс саны азайды

447
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық Прокуратурасында өткен баспасөз брифингінде осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстың бүге-шүгесі сараланды. Қадағалау органы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қылмыстың алдын алу шараларында бірқатар нәтижелерге қол жеткізген.

2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіш бойынша, өңірімізде қылмыс саны 4%-ға (19314-тен 18536-ға дейін) азайыпты. Оның ішінде кісі өлтіру (91-ден 68-ге дейін), қарақшылық шабуыл (31-ден 24-ке дейін), тонау (473-тен 396-ға дейін) бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары (11550-ден 11377-ге дейін) төмендеген. Топпен жасалған (-10,7%), жасөспірімдер арасында (-22,7%) және қайталама қылмыс жасау (-11,1%), сондай-ақ алкогольді мас күйінде қылмысқа бару (-15,9%) фактілерінің де азайғаны байқалып отыр.

– Ұрлықтардың алдын алу барысында жедел профилактикалық шаралардың жүргізілуі пәтер ұрлықтарының 25%-ға, ұялы телефон ұрлығының 2%-ға азаюына ықпал етті. Электронды нысанда тергелетін қылмыстық істердің саны 3,5 есе артқан (165-тен 598-ге дейін). Қылмыстық қудалау органдарын қажетті құрылғылармен жабдықталуы 1-ден 43%-ға дейін көбейген. Сонымен қатар азаматтардың мүдделерін қорғауға және бюджетті толықтыруға аса назар аударылуда. 9 ай ішінде прокуратураның ықпал етуімен қазынаға 1,1 млрд. теңге өндірілген, – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.

Тиімді пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару ісінде де прокуратура өкілдерінің араласуымен сең қозғала бастады. Биыл облыстық Прокуратура ондай телімдерді мемлекетке қайтарудың алгоритмін ұсынған болатын. Осы алгоритм бойынша 180 телім мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал табиғат пайдаланушылар тарапынан 91 заңбұзушылық анықталып, бюджетке 60 млн теңге айыппұл сомасы түскен.

Ал еңбек қауіпсіздігі саласында «Қазцинк», «Востокцветмет» компанияларының өрескел қателіктерін анықтап, облыс бойынша 1,6 мың заңбұзушылықты әшкерелеген. Сондай-ақ 17 нысанның жұмысы жұмысшылар мен тұрғындардың өміріне қауіпті деп танылып, жұмысы тоқтатылған.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ