Қытайдан әкелінетін дәрі-дәрмектердің саны 30 есеге артты

648
көрілім

2017 жылы Қазақстандағы дәрілік препараттардың импорты 66%-ке өсті. Қытайдан әкелінетін дәрі-дәрмектердің саны 30 есеге артқан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

2013 жылдан бері Қазақстанда дәрілік препараттардың импорты қысқарып, соңғы 4 жылда олардың саны 49%-ға төмендеген еді. 2016 жылы $602,5 млн-ға дәрілік препараттар әкелінсе, 2015 жылы оның құны 847,6 млн долларды құрады. Биыл дәрі-дәрмектердің импорты арта бастады. Төрт айдың ішінде 235,5 млн долларға 5 мың тонна (нетто) препараттар жеткізілді. Оның басым бөлігі Үндістаннан — 760,2 тонна ($21,1 млн), Қытайдан — 738 тонна ($0,8 млн), Германиядан – 737 тонна ($45,3 млн) және ТМД елдерінен — 626 тонна ($7,9 млн) әкелінді.

Айта кетейік, төрт айда Қытайдан импортталатын дәрілердің саны 30 есеге өсті, ал Үндістаннан жеткізілетін препараттардың көлемі — 54%-ға артып, германиялық дәрі-дәрмектерді үшінші орынға ығыстырды.

Препараттардың құны бойынша Германия ең ірі импортшы атанды — жылдың басынан бері жеткізілген дәрі-дәрмектердің сомасы 45,3 млн долларға жеткен.

Отандық дәрілік препараттардың өндірісі жыл сайын орта есеппен 32%-ға артып келеді. Төрт айдың ішінде медициналық өндіріс саны өткен жылмен салыстырғанда 36%-ке өсіп, 6,2 мың тоннаны құрады.