Қытайдан Әлібай мергеннің ерлігін әйгілеген «Әлібай» қиссасы табылды

989
көрілім

Қытайдан Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылына көшіп келген Қадыр Жақыпұлы есімді кітапқұмар ақсақал бері көшерде Жеменей аудандық халық ауыз әдебиетінің редакция алқасы құрастырған «Қисса дастандар» топтамасын ала келіпті. «Қисса-дастандар» деп аталатын топтамаға бір өзі қызыл әскердің 23 сарбазын баудай түсірген, әйгілі Оспан батыр әскерінің шолғыншысы болған зайсандық Әлібай мерген Өшекұлының (1878-1947 ж.) өмірі мен ерлігін әйгілеген «Әлібай» қиссасы енгізілген екен. Аталған жинаққа мерген жайлы қиссаны Құнияз Аманжолұлы мен Жұмажан Әбілғазыұлы есімді адамдар ел аузынан жазып алған. Бұқара.кз сайты оқырманның назарына төте жазудан кирилл қарпіне өзгеріссіз көшірілген қиссаны ұсынады.

«Әлібай» дастанының түсінігінде жазылғандай, қисса 1930-1940 жылдары Жеменей ауданында ауыл арасында көп таралған екен.

– Кезінде Әлібай қиссасы бірер жүз шумақты үстінде болған деседі. Бірақ, қазір кітабы ел қолында сақталмағандықтан, тегінде жаттағандардың есінде қалғандарын қайта көшіру нұсқасына ғана ие болып отырмыз. Ұрпақтарының немесе басқа адамдардың қолында сақталған нұсқасы болса, халқымыздың, ұлтымызды әдеби мұрасына қосуға болатын бір тамшы қазына деп қарап, бізге көшіріп жолдау беруін өтінеміз, – делінген қиссаны жазып алушылар.

Әлібай

Қиссаны біліп айтса иманға сеп,

Сарғаяр қайғылы адам уайым жеп,

Үйдегі түздегінің арманы көп,

Біреу өлі, біреуі тірі көрем бе деп.

Басқыншы кәмпескелеп тізімге алды

Жеті атаңды қуғындап сүргін салды.

Біреуіне біреуін айғақ қылып,

Еті тірі жігітті түрмеге алды.

Меркіттің бес ауылы ақылдасты,

Шақырып сыр шашпайтын кәрі жасты.

«Телім-телім болмайық әрбір жерде,

Табайық Қытайдағы бауырласты».

Тұрғанбай меркіт елдің қоналмасы,

Ақылды адам еді бас алқасы

Ағайын ашу арзан боп жүрсек те,

Мейірімді қайырымд кең алқасы.

Тоқаң бастап бес ауыл көшті қашып,

Қызылқия кезеңін әрең асып.

Демалып баданадай жатқан жерде,

Солдаттар сырт айналып қалды басып.

Тоқаңды «а» дегенде-ақ атып қалды

Жығылды жер бауырлап жатып қалды.

Жан-жаққа быт-шыт болып қаша бердік,

Алып қашып барамыз шыбын жанды.

Інімді ертіп сай құлдап қашып келем,

Алдымда бір мұрыншақ бар ед белең

Қара жартас тұр екен ұшқаты мол,

Сол жартасқа тасалап бекініп ем.

Оқ тиді Қалитқа кеп жас шағында,

Мен тығылып отырмын бас жағында.

Қалың солдат қуалап келіп қалды,

Жібермей аялдауға қас қағымда.

Жартасқа бой тасалап жата бердім,

Солдатты қадап-қадап ата бердім.

Тақ жарымы оқ тиіп жығылған соң,

Кейін қашты еңбектеп аспай белін.

Жаламаның үстінен тықыр шықты

Осы кезде атысар оқ та бітті.

Мылтық ауызын тықырға қаратып ем,

Алдыменен сары қасқа басы шықты.

Маңдайы боларсың деп атып қалдым,

Алдыма түскеннен соң сасып қалдым.

Бомбысы бар мойнында мылтығы бар,

Оқ қапшық пен алдымен мылтықты алдым.

Екі солдат «уралап» жүрген кезде

Құдайым қуат берген мен бір пенде.

Өз оғын өздерінен аяймын ба?

Ұшып түсті екеуі екі жерге.

Қас қарайды мен кеттім күн де батты,

Қайғылы қал жүрекке тиді қатты.

Мен бекінген жартасқа бомба тастап,

Қараңғыда тауды да атты, тасты да атты.

Генерал ақ сазандай адам екен,

Оны алып келген заман екен.

Басына қара тастан жастық жастап,

Әлібай түн ішінде қашқан екен.

Кішкене тау Маңырақ бойламадым,

Кедейліктен асыр сап ойнамадым.

Генерал Колпаковпен сайысам деп,

Өмірімде мұндай істі ойламадым.

Генерал талай жолды басып келді

Жауларын қарсы келген түгел жеңді.

Тауда жүрген жабайы қазақтар деп,

Көзіне ілмей генерал тасып келді.

«Асқанға тосқан» дейтін сөзіміз бар,

Алдынан бір тосатын кезіміз бар.

Қазақты қанша көзге ілмесе де,

Біздің де миымыз бар, көзіміз бар.

Тұрғанбай елге сондай қадірлі еді

Басқадан ақылды еді, сабырлы еді.

Қарауылшы күн бұрын айтады деп,

Қорықпай отырам деп қапыда өлді.

Ойсырады солдаттың недәуірі,

Қайтар ма екен құрбанның қанды кегі?

Әлменбеттің аруағы қолдады ғой,

Тұрғанбай дәл жанымда болмады ғой.

Бұл жалған кімге опа берер дейсің,

Дұшпандар шахиттерді жалмады ғой.

Сауырды бетке алып қашып келем,

Шатқал тау аңғал саймен асу белең.

Шекарадан тасалап өте шықтым,

Кімге барам, бұл жақта кімге сенем?

Әйтеуір Ластыға келдім аман,

Ақылгөй Қабыл тәжі болды панам.

Бірнеше ай тығып қойды елге жаймай,

Жауымның сұғы жаман қузалаған.

Астыртын жалбызбалап хабар алдық,

Бәрі де аман екен қатын балам.

Қалған елді алуға ақыл құрды,

Жоспарлап пландады Қабыл ағам.

Ұрлап жырлап әкелдік түгел бәрін,

Тау сағалап жүруге келді шамам.

Әлібай тауда жүр деп естігенде,

Жауларым шықпайды екен қорасынан.

Бойым бар бір-ақ метр бұтым қысқа

Ел ішінде жүретін мен бір жаман.

Құдайдың қолдауымен жеңіс тапқан,

Қиссасы Әлібайдың болды тамам.