Мақсатқа сай пайдаланбауда

404
көрілім

Өңірімізде жер телімдерін жалға алып, дұрыс пайдаланбайтын кәсіпкерлер аз емес. ШҚО Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы 2018 жылы жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде осындай 974 заңбұзушылықты анықтаған.

– Өткен жылы басқармаға заңды және жеке тұлғалардан 5105 хат келіп түсті. Жер телімдерінің қалай пайдаланылып жатқандығын бақылау мақсатында облыс бойынша 1058 тексеру шараларын жүргіздік. Соның нәтижесінде 974 заңбұзушылық анықталды. Жерді дұрыс пайдаланбаған кәсіпкерлерге 20 млн теңгеден астам айыппұл салынды, – дейді ШҚО Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев.

Оның айтуынша, жер телімдерін жалға беруде кейбір әкімдіктер заңға қайшы қадамға барыпты. Атап айтқанда, олар Зайсан, Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Семей, Аягөз, Шар қалаларының әкімдіктері.

– Мемлекеттік жерді рұқсатсыз иеленгендер де бар. 2018 жылы 868,2 гектар жерді заңсыз пайдаланған 86 факті анықталды. Сонымен қатар жерді жалға алып мүлде кәдеге жаратпаған адамдар да аз емес. Біз алдымен оларға ескерту жасаймыз. Егер одан еш нәтиже шықпаса, жер телімін тәркілеп аламыз, – дейді Сейсенғазы Жұмағалиұлы.

ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Қабақовтың мәліметіне сүйенсек, облысымыздың туристік аумақтарында мыңнан астам жер телімі өз мақсатында пайдаланылмай отыр.

– Бұл мәселе соңғы 2-3 жылдың көлемінде күн тәртібінен түспей келеді, – дейді Марат Қабақов, – Демалыс орындарын инвентаризациялау кезінде Алакөл, Сібе көлдері және Бұқтырма су қоймасы аумақтарында 1105 жер телімі бос жатқаны анықталды. Нақты айтқанда, Алакөлде – 100, Сібеде – 261, Бұқтырмада – 644 жер телімі мақсатқа сай пайдаланылмауда.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фото – Сейсенғазы Чукаев