Мал ұрлығы бойынша бекітілген жаза түрі белгілі болды

344
көрілім
Шартты фотосурет

Бұдан былай мал ұрлау бойынша келтірілген шығыны 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өскеменде өткен жиында ШҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары, подполковник Елдос Закимов тағайындалған жазаларға тоқталды. Өткен жылмен салыстырғанда ҚР Қылмыстық Кодексіне биыл едәуір өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Оның ішінде, мал ұрлығы бойынша бірнеше санаттағы қылмыстарды тілге тиек етті.

- Мал ұрлаудың да бірнеше түрі бар. Егер сол қылмысты бірнеше мәрте жасау, тұрғын үй аумағына, кәсіпорынға, ұйымдарға немесе мал қорасына баса-көктеп кіргендер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал мал ұрлығын қылмыстық топ жасаса немесе көп көлемде шығын келтірсе, 7 жылдан 12 жылға дейін темір торға қамалады, - дейді жауапты тұлға.

Тағы айта кетерлігі, өзге аумаққа рұқсатсыз кіргендер жазадан жалтарып кете алмайды. Мәселен, тұрғын үй немесе қызметтік мекемеге заңсыз кіріп, ұрлық жасағандардың алған заттары толықтай тәркіленіп, 2-7 жылға, қарақшылық шабуыл жасағандар да заттары тәркіленген соң 7-12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ