Мерзімді әскери борышын өтеген сарбаздар үйлеріне оралады

1566
көрілім
Шартты фотосурет

Аягөз гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөліміндегі мерзімді қызметі аяқталған сарбаздар запасқа шығарылды.
 
Бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын бойларына сіңірген қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды шығарып салу рәсімі саптық алаңда салтанатты түрде ұйымдастырылды. Салтанатты шарада әскери бөлімнің жауынгерлік туы саптық алаңға шығарылып, еліміздің мемлекеттік әнұраны орындалды. Әскери бөлім командирі қызмет мерзімі аяқталған сарбаздарды құттықтап, ақ жол тіледі.
 
– Әскери қызметін өтеу кезінде сарбаздарда жауынгерлік сапа қалыптасады. Біздің жауынгерлеріміз спортпен шыныққан және төзімді. Әскерде жүріп, жақсы жауынгерлік тәжірибе алдыңдар, әртүрлі көлемдегі тактикалық оқу-жаттығуарға қатыса жүріп, қару-жарақ пен әскери техниканы сауатты меңгердіңдер, – деді бөлім командирі Таир Жұматаев.
 
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Себебі біз Отан алдындағы борышымызды адал атқарып, үйімізге оралғалы тұрмыз. Бізге басшылық еткен командирлеріміз әскери өмірдің қыр-сырын үйрете білді. Ол кісілерге алғысымыз шексіз, – деді  қатардағы жауынгер Мейіржан Дүйсенбек.
 
Шығарып салу рәсімінің соңында қызметтік міндеттерін адал орындап, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсетіп, үлгілі тәртібімен ерекшеленген сарбаздарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, сарбаздар әскери бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасып, соңғы рет саптық жүріспен жүріп өтті.        
 
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі