Мәжіліс депутаттары Ана мен бала орталығының ұжымымен кездесті — Өскемен

383
көрілім

ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары Жарасов Жанат Абдоллаұлы, Унжакова Элена Сергеевна, Омарбекова Жанат Әнуарбекқызы Өскемендегі Ана мен бала орталығының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Кездесу барысында депутаттар қатысушыларды «Халық денсаулығы және денсаулықты сақтау жүйесі» ҚР Кодексінің жаңа жобасымен таныстырды.

- Парламент денсаулық сақтау жүйесі бойынша Кодекс қабылдауда. Бүгінгі күні 600-ге жуық ұсыныстар түсіп, арнайы жұмыс тобының қарауына берілген. Заң жобасында халықтың денсаулығын жақсартуды, дәрігерлердің қызмет көрсету деңгейін жоғарылату мәселесіне баса назар аударатын боламыз, - дейді ҚР Мәжіліс Депутаты Жанат Омарбекова.

Сондай-ақ жаңа заң жобасында дәрігер мәртебесіне де ерекше көңіл бөлінбек.

- Кейбір жағдайларда дәрігерлер еш кінәсіз жазаға ілініп кетіп жатады. Сондықтан Кодексте дәрігер мәртебесі ерекше ескерілетін болады, - деп қосты Жанат Әнуарбекқызы.

Жиын соңында депутаттар Ана мен бала орталығының жаңа ғимаратын аралап, 500-ге жуық медицина қызметкерін жұмыспен қамтығалы отырған жаңа аурухананың материалдық жағдайымен, медицинаның соңғы жетістіктерімен танысып қайтты.

- Таяуда тұсауы кесілетін жаңа ғимарат әлемдік деңгейдегі медициналық технологиямен қамтамасыз етілген. Мұндағы дәрігер қауымы Еуропаның үздік деген клиникаларында тәжірибе жинақтап келді, - дейді «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК директоры Ермек Омарбеков.