Миға ота жасалды

277
көрілім

Өскеменде тұңғыш рет миға күрделі ота жасалды. Осылайша нейрохирургтер миына қан құйылған науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шемонаиха ауданының тұрғыны Светлана Ваганова 19 қаңтар күні облыстық инсульт орталығына түскен болатын. Компьютерлік томография қантамырлардың жарылуы салтарынан миға қан құйылғанын анықтайды. Жарылған тамырлар тереңде жатқандықтан басүйекті ою қауіпті болған. Сондықтан, нейрохирургтер ангиографияның көмегіне жүгінген.

– Бассүйекті оймай-ақ ота жасалды. Соның арқасында қан жоғалту болған жоқ, – дейді нейрохирург Дмитрий Недбайло.

Қазір Светлана Ваганова еркін сөйлеп, күле алады. Өздігінен қозғала бастаған.

– Отадан кейін 3 сағаттан соң есімді жидым. Ауыл жақтағы туыстарым қатты алаңдапты. Қыздарым қуанып жүр. Бұл күн өмірімдегі ерекше күн болып қалары сөзсіз, – дейді ол.

Жуықта орнатылған ангиографияның көмегімен орталық мамандары 39 жастағы семейлік науқастың да өмірін арашалап қалған. Вадим Ткаченко Семейден ауыр халде жеткізіліпті. Зерттеу барысында оның ішкі ұйқы қантамыры бітеліп қалғаны анықталады. Осының салдарынан мидың сол жақ жартышарына қан жүрмей қалған.

– Мұның соңы ми инфаргіне әкелді. Сондықтан мидың сол жақ жартышарына ота жасап, сыртқы ұйқы қантамырға торап жалғадық. Сол арқылы мидағы қан айналымы қалпына келді, – дейді Дмитрий Недбайло.

Ота сәтті өтіп, науқас келесі күні-ақ жүріп кеткен.

Асқар ТҰМАРБЕК