Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу бізге не береді?

403
көрілім

2020 жылдан бастап еліміздің медицинасында көлемді өзгерістер орын алмақ. Бұл бірінші кезекте міндетті медициналық сақтандыруға көшумен байланысты болады. Осы себепті біз аталмыш жаңашылдықтың қандай мүмкіндік беріп, азаматтардан не талап ететінін оқырмандарымыздың есіне тағы бір сала кетуді жөн көрдік. Бұл сұрақтарымызға толыққанды жауап алу үшін біз ШҚО бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіндік.

Денсаулық сақтау саласындағы мұндай салық дамыған елдерде бұрыннан бері қолданылып келеді. Қазақстан шенеуніктерінің мұндай жұмыс түріне көшу жөніндегі шешімі 2017 жылы белгілі болған. Сол кезде арнайы қор құрылып, жаңа модель кезең-кезеңімен енгізіліп, 2020 жылы толық аяқталатын болып белгіленген. Мемлекет қазынасын толтыратын қосымша қаражатқа шенеуніктер денсаулық сақтау саласын одан әрі жақсарта түсуге уәде етті. Ендеше осы мәселеге толығырақ тоқталып өтсек.

Аталмыш жаңашылдықтың басты айырмашылығы оның үш деңгейдегі қаржыландырылуы болды. Бірінші деңгей еш шектеусіз барлық азаматтарды қамтиды. Олар үшін жедел жәрдем көмегі мен санитарлық авиация, алғашқы және жедел медициналық көмек, стационарлы ем-дом мен паллиативті көмек тегін болмақ. Екінші деңгей — медициналық сақтандыру қорына міндетті жарналар аударатын азаматтарға арналмақ. Оның ішіне диагностика мен ауруларды емдеу тәсілдерінің қымбатырағы кіреді. Ал үшінші деңгейге ерікті сақтандыру жатады.

- Жаңа модельде негізгі күш денсаулықты нашарлататын басты ауруларға аударылатын болады, - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ҰКЕАҚ ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Риза Төкежанова. - Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің назарында болатын аурулардың басым топтары анықталды. Оларды емдеу толықтай тегін әрі медициналық препараттармен қамтылатын болады.

Қор өкілінің айтуынша, басымдылық беретін топтағы аурулар екі бөліктен тұратын көрінеді. Олардың біріншісіне созылмалы аурулардың 25 түрі (гипертония, қант диабеті, вирустық гепатит пен басқалар) жатады. Екіншісіне әлеуметтік маңызы бар аурулар кіреді. Олар туберкулез, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлықтық ауытқулар мен ВИЧ инфекциясы тудырған аурулар. Аталған дерттерге шалдыққан тұрғындарға медициналық көмек тегін түрде көрсетіледі.

Мұндай қызмет түрлері қолжетімді болу үшін қанша ақша ай сайын аударып отыру керек? Қор филиалындағылар жұмыс істейтін азаматтар мұндай төлемақыны 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақының бес пайызы (2125 теңге) мөлшерінде аудара бастайтын көрінеді. Ал жұмыс берушілер болса, 2018-2019 жылдан бастап ай сайын әр жұмысшы жалақысының 1,5 пайызын аударуды бастап кеткен. 2020 жылы бұл көрсеткіш екі пайызға дейін өсетін болады. Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары мұндай төлемақыны жасамайды. Тек 2020 жылдан бастап ай сайын екі ең төменгі жалақының бес пайызы (4250 теңге) мөлшерінде аударымдар жасай бастамақ. Азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін жұмысшылар 2018-2019 жылы ешқандай аударым жасамайды. 2020 жылы олар үшін алынатын салық мөлшері табысының бір пайызын құраса, 2021 жылдан бастап ол сан екі пайызға дейін көтеріледі.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосурет: ашық дереккөз