Моңғолия жеріндегі ұрыста жапон әскерін жайратқан генерал Хамза Зайсанов жайлы не білеміз?

12931
көрілім
Фотосуреттер kaznews.mn сайтынан

Есімі ел-жұрт арасында еміс-еміс қана, кейде мүлде айтылмай жатқан ерлер мен арыстан жүрек азаматтар аймағымызда әлі де баршылық. Жат өлкеде жаумен арпалысып, жапон «самурайлары» сес көрсете бастағанда әуеден оқ жаудырған жерлесіміз туралы естігенде шынымен таңырқадық. Зайсандық Хамза Зайсановтың Моңғолия жерінде жүріп жасаған ерлігі алдымен келер ұрпақ жадына тоқылып, санасына сіңгені ләзім. Тағдыр қалауымен жат топырақта жанкештілік танытқан жан туралы ақпарат іздестіріп көрген едік.

Шекара асқан алты бозбала

Мұрағаттардан дерек таппай, кітапханаларда көп ақпар шықпаған соң бірден аудан әкімдігіне сұраухат жібердік. Бұл аралықта қолда бар мәліметтерді қабыстырып, нақты қай ұрыстарға қатысып, қай жылдары әуелетіп атой салғанын сараптап көрдік. Саяси тұрғыдағы қақтығыс пен қырғиқабақтық КСРО мен Қытай арасын шиеленістіріп тұрған. «Шетелдегі қазақ генералдары» деген материалда бұл 1938-39 жылдар деп жазылды. Мемлекеттер арасындағы ұрысқа тоқталмас бұрын, өткенге шегініс жасағанымыз жөн болар.

– Авиация генерал-майоры Хамза Ерзінұлы 1912 жылы Семей облысының Зайсан уезінде дүниеге келген дерек бар. 10 жасында жетім қалып, Монғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Біраз уақыт моңғол қазақтарының отбасында тәрбиеленді, содан кейін Ұлан-Батордағы Балалар үйінде тұрды, – делінген аудан әкімі аппараты ұсынған мәліметте.

Шығыстың көрікті өлкесінен шекара асуының бір себебі – бүкіл Кеңестер Одағын қамтыған сталиндік күштеп ұжымдастыру салдары. Жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Манатбек Жеңсехановтың мақаласында осыған байланысты Қаратал ауылының тұрғындары колхоздастыру науқанына наразылық білдіріп, 1930 жылы орыс ұлтының отыз шаңырағы үдере көшкені жазылады.

– Жолға шығарда малайлықта жүрген қазақтың алты бозбаласын (15-18 жаста) өздерімен бірге обозшы (арбалы керуенді жетектейді) етіп ала кетеді. Қара Ертістен сал жасап өте шыққан олар Қытай асып, ол жақта тұрақ таба алмаған. Одан әрі Моңғол Алтайынан өтіп, жол бойы атыс-шабыстың куәсі болды. Ақыры Моңғолияның шығыс жағына, Моңғолиямен шектесетін аймағына өтеді, – дейді тарихшы.

«Самурайлармен» соғыс

Ғаламтор ұсынған дерек Манатбек Жеңсеханов алға тартқан ақпармен үндеспейді. Әлем желі көршілес елге 10 жасында кетті десе, мақалада басқаша. Сірә, жерлесіміз қара жұмыстың жетегінде жүргенде тура он сегізде болған. Моңғол жеріне табан тіреген отыз үйлі орыс отбасы бірден қазан көтеріп, әдепкі тірлікке араласып кете алмаған көрінеді. Кеңес Одағының әскерилері мал-мүліктерін тәркілеп, өздерін тұтқынға алса, қазақтың қаршадай алты баласы сол жақта қалып қояды. Әлбетте, соның бірі Хамза Зайсанов.

Бірнеше жазбаға зер салсақ, ата-ана мейіріміне мұқтаж болып өскен алтауы азды-көпті орысшадан хабардар болған. Ал батыста фашизм, шығыста Жапон милитаристерінің жаппай агрессиясы басталған сәт 1931-32 жылдармен сабақтасады. Екі ел де қару-техникаларын дайындап, іс жүзінде әзір, бірақ іштей орайлы сәтті күтіп тұрған КСРО-ны негізгі нысан еткен. Шекарада арандатушылықтар жасап, моңғол жұртының үрейін ала бастады. Қараталдан көшкен алты қазақ біртіндеп білім алып, олардың қабілетін мемлекет басшылығындағылар да байқайды. Аудан әкімдігі ұсынған газет қиындысына үңілсек, Хамза Ерзінұлының бойындағы алғырлығы маршал Чойбалсанның нұсқауымен Орынбордағы ұшқыштар дайындайтын арнайы әскери училищеге оқуға жіберілуіне әкелген. Тағы бір дереккөзде Моңғолияның Еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан Төтейұлы (мәлімет ұсынған Есенгүл Кәпқызы) Хамза Зайсановты Моңғолия жеріндегі тұңғыш қазақ генералы әрі өзінің туысқан ағасы екенін алға тартады.

Кейіпкеріміз 1934 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, әскери-ұшқыш атағын алды. Оқуын мұнымен шектемей, Моңғол Халық республикасын көп жылдар басқарған Юмжагийн Цеденбалмен бірге Мәскеуде бір бөлмеде тұрып, арада жылдар өткенде Халхин-Гол өзеніндегі шайқасқа жіберіледі. Бұл 1939 жыл. Жапон әскері КСРО аумағына мамыр айының 20-сы күні енсе, Халхин-Голдағы қақтығыс тамыз айының 20-сы күні басталып, 31-інде баса көктеп кіргендер бас көтере алмай етіп жеңіледі. Хамза Зайсановтың ұшқыш ретінде ұрысқа кіргені осы кездер. Аудандық «Достық» газетінің 2012 жылдың 31 наурызындағы санында жерлесіміздің есімі Хамза емес, Мүдәріс деп жазылса, Моңғолиядағы қазақтар тіптен, Жайсанап деп атаған көрінеді. Ал Мүдәріс сөзі моңғол жұртының Матросұлы Зайсанов дегеннен этимологиялық жағынан өзгеріске ұшыраған секілді.

Түнде ұшқан қыран

Берілген ақпараттарға сүйенсек, жапон әскері Моңғол аумағына орналасқанымен соғысуға келгенде тактикалық тұрғыда бірнеше өрескел қателік жіберген. Әсіресе, дайындығы тас-түйін ұшқыштардың тапшылығынан күйрете соққы бере алмады. Есесіне, Хамза Ерзінұлы бастаған әуе қырандары жер жадысын жөнді білмейтін жауды ай қараңғысында да төпелей түскен. А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері ұсынған мәліметте зайсандық ұшқыштың Жапония жеріндегі ұрыста полковник шенінде болғаны жазылған. Авиация маманы Владимир Карнозовтың жазбасында жерлесіміз жайлы мынадай ой білдірілген:

– Халхин-Голдағы шайқас кезінде моңғол әуе эскадрилиясының экипажы 186 жауынгерлік жорық жасап, 60 тоннаға жуық бомба тастаған. Навигациялық қателік салдарынан тек бір ғана ұшақ жоғалтты. Түнде ұшып шыққан қазақ Хамза Зайсановты ерекше атап өтуге болады. Орынбор ұшу училищесінің түлегі моңғол әуе полкін тізгіндеп, 1942 жылы сол елдің барша әскери авиациасын басқарды, – деді ол.

Кеңес Одағының маршалы Константин Жуков өзінің бір естелігінде Халхин-Голдағы айқаста дәл осы ұшқыштардың талай жауынгерге жігер беріп, жапон әскерилерінің құтын қашырғандарын ерекше атап өтеді. Оның сөзінше, Күншығыс елінің қарулы күші тамыз айының 20-сы күні рауан таңда шабуыл бастағанда моңғол-кеңес әскері соққыға дайын болған. 153 бомбалаушы мен 100-ге тарта жойғыш (истребитель) бірінен соң бірі әуеге көтеріліп, қарсы шабуылға шыққанда командирлер рухтанып, сарбаздар тегеурін алыпты. Жергілікті климатты ескерсек, оқтын-оқтын соққан қатты желдің соңы көз аштырмас барханға ұласып, кедергі келтіргені бар. Дегенмен жүйелі әскери әрекеттің соңы қос қапталдағы жау топтарын жойып, тамыз айының 26-сынан бастап жапон әскерін қоршап, ұмар-жұмар қылуға көшті.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-моңғолдың бір топ генералдарымен бірге Хамза Зайсановты И.Сталин Мәскеуде қабылдап, «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін өз қолымен табыстаған көрінеді.

Босқындарды бомбалаудан бас тартты

Екі жылдан соң Германия мен КСРО арасындағы соғыс өртінің тұтанғаны белгілі. Міне, жерлесіміз осы кезде маршал Чойбалсаңнан КСРО-ға көмекке баруға сұранған. «Достық» газетінің бір санында оның жіберуден бас тартқаны жазылады. Мұны бір себебі – шығыстағы жапон милитаристерінен келер қауіп бұлты әлі сейілмей тұрды. Бұған қатысты бірқатар сарапшы моңғол маршалының осы шешімін орынды санады. Себебі, авиация әлемінде өзін суда жүзген балықтай сезінген жерлесіміздің біліктілігі мен тәжірибесі баса-көктеп кірген кез-келген жау қолын кідіртуге қауқарлы еді. Содан болар, 1942 жылы отызға толған кейіпкерімізге генерал-майор атағы берілді.

Қолға түскен екі дереккөзіне сүйенсек, жаужүрек Жайсанаптың бұқара жұртқа деген ықыласы үкімет басшылығындағылармен болған кикілжің кезінде анық байқалды. Жергілікті билік иелеріне наразылық білдірген Баян-Өлгий қазақтарының Шыңжаңға қарай үдере көшкені тарих беттерінде тарамдалып жатыр. Сонда үкімет босқындардың алдын бомбалап, бөгеу үшін дәл осы Хамза Ерзінұлына жүгінген. Газет қиындыларына зер салсақ, жерлесіміз көп сөзге келместен қарсылығын білдіреді. Үкіметтегілер осыдан соң генерал-майорға сенімсіздікпен қарап, берілгелі тұрған «Халық Батыры» атағынан шеттеуге әрекет жасап бақты. Өкініштісі сол, қайда жүрсе де бұқара жұрттың амандығын мақсат еткен әуе қыраны пана іздеп, Қазақстанға келгенде еш қолдау таппаған.

– Безбүйрек бюрократтар мен бишігеш бастықтардың шығарып салма жауаптарынан жалығып, жылай-жылай кері қайтқан. Сөйтіп бұл кісі 1965 жылы 53 жасында Ұлан-Баторда дүние салады, – делінген «Достық» газетінің 1999 жылы шыққан санында.

***

Ресми ақпараттарда Хамза Зайсановтың жары Мария Петровна екені, 63 жасында дүние салғаны жазылған. Ұлан-Батордағы орыс зиратында жерленіп, 2019 жылға дейін қабірі жоғалған деп есептеліпті.

Батырдың қызы Жанна – Иркутск (Ресей) мемлекеттік университетін бітірген. Қазір Саратов қаласында тұрады.

Жаннаның ұлы Андрей (1969 жылы туған) мен қызы Елена (1960 жылы туған).

Олардан Ольга (1984 ж.т), Наталья (1988 ж.т) және Максим деген ұрпақтары тарайды.

Шөбересі – Жанна (2015 ж.т)

Жерлесіміздің ұлы Геннадий – көзі тірісінде Новосибриск қаласында тұрды. Медициналық қызмет полковнигі, Забайкалье әскери округінде қызмет еткен.

Геннадийдің балаларыАркадий (асырап алған, тағдыры белгісіз) мен Мария (1985 ж.т).

Хамза Зайсановтың екінші, үшінші шөбересі – Даниел (2009 ж.т.) мен Марк (2014 ж.т).

Газет тілшісі жинаған мәліметтерде жат жерде жауды жайратқан жерлесіміздің Ұлан-Батордағы әскери госпитальде жаны қиналып, ұзақ аурдан қайтыс болғаны көрсетіледі. Заманында түрлі себептермен өршіген саяси шиеленіс атажұртының қолдау көрсете алмауына әкелген. Дегенмен кіндік қаны тамып, кірін жуған өлкесінде батырды ұмытпаққа бекінгендердің бар екені қуантты. Аудан әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров 2020 жылы ұшқыштың есімін Зайсан қаласындағы көшелердің біріне беру туралы ұсыныс айтылғанымен, жиын кезінде қолдау таппағанын жеткізді.

Елі емеурін танытып, дауысқа салса бұл биік те бағынар. Бастысы әр жорығынан аман-есен оралып, әуеден жауына толассыз оқ жаудырған Жайсанап батырдың әруағы жерлестерін жебей жүрсе дейміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер kaznews.mn сайтынан)

Мақала жазуда ақпараттық қолдау көрсеткен Зайсан ауданы әкімдігі мен А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымына алғыс білдіреміз