Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандарға салынатын айыппұл көлемі қандай

347
көрілім

Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетов мұғалімді заңсыз жұмысқа тартқандарға салынатын айыппұл мөлшерін атады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасында 3 Кодекске және 15 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Заң жобасында мемлекеттік бақылаудың сыртқы бағалау мен аккредиттеудің қолданыстағы жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар норма қарастырылған.

- Мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу және осы норманы іске асыру үшін нақты санкциялар қарастырылған. Мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын қызметтерге тартқанын үшін және олардан орынсыз есеп беруін талап еткені үшін әртүрлі құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген, - деді Аймағамбетов.

Министр жұмыс уақыты нормасын заңсыз асырғаны үшін де осыған ұқсас айыппұл қарастырылып отырғанын айтты.

- Білім беру ұйымдарының есептік тізбесі мен формасын бекіту бойынша Білім министрлігінің құзыреттілігі кеңейтіледі. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілік талаптарын бекіту, оқушылар мен тәрбиеленушілердің оқуының қауіпсіз жағдайын, тәрбиеленушілерді күту, оларды қамтамасыз ету нормалары да сақталып отыр, - деді білім және ғылым министрі.