Нұрғиса Тілендиевтен тәлім алған күршімдік Ерсовет Тұраров 20 жыл ғұмырын дирижерлікке арнаған

597
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Оны қазір ешкім тоқтата алмайды. Көптің кеудесі алабөтен сезімге толып, тіл байланған. Бірнәрсе деудің өзі артық еді. Беймаза тірліктен бір сәт бойын аулақ салып, музыканың тереңіне сүңгуге құмартқан мыңдаған адам сахна төріндегілерге аңтарылған. Ол жақта не болып жатыр? Музыканың тылсым қақпасын айқара ашқан түр-тұлғасы келісті азамат оркестр әуеніне ырғақ беріп, әсем сазды одан әрі әуелете түскен. Иә, дүйім-жұрт дирижерлерді қол сермесінен-ақ таниды. Бұл мақалада Күршім топырағында туған білікті дирижер Ерсовет Тұраров туралы жазылмақ. Бірден айтайық, осыған дейін қалам тартқан кейіпкерлерімізден біршама бөлек, ұртынан төгілген термин сөздер де едәуір таңсық.

«Санамда ән сағым берді»

Әлқисса, Ерсовет Қабдолдаұлын әңгімеге тарта бастағанымызда мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ музыкаға ауаны ауғанын аңғардық. Химия пәні ұстазымен болған келіспеушіліктен (мұны езу тарта еске алды) соң көп бөгелмей көшті Өскемендегі музыкалық училищеге бұруға оқталды. Сегізінші сыныпты тәмамдап, он төрт жасты толтырған шағы. Алдымен әлеуетін барлап, деңгейін тексеру жоспардың жоғары жағында тұрды. Күршімдегі музыка мамандарының берген тапсырмасы мынадай: «Күшігім» деген тақырыпқа ән жаз, аяқ алысыңды байқайық.

Болашақ дирижер жалғыздық есігін тарс жауып, бар ойын бір арнаға ойыстырды. Оған дейін Күршімдегі музыкалық студияға барып жүргені мұндай жақсы болар ма?!

– Оқып, оқып, бірнеше рет іштей қайталағанымда санамда ән сағым берді. Сосын нотаға түсірдіп, кешкісін әкеме шығарған әнімді орындап бердім. «Ешкімдікіне ұқсамайды екен, расымен де сенің әнің» деп сенім желкенін көтере түсті. Артынша мәдениет бөлімінің орынбасарына хабарласып, училищеге дайындауымды тапсырды. «Бопты, Қабдолда Тұрарұлы» деген соң емтихан қашан болатынын алдын ала біліп қойған, – деді жерлесіміз.

Жасөспірім шағында музыканың ауылын аралап үлгерген жан өзіне таңсық Өскеменге осылай аяқ басты. Ол жердегі хормейстерлердің (хор жетекшілері) деңгейлері де талай шыңдардың биігіне орнығып үлгерген. Солардың бірі, бөлім меңгерушісі Андрей Синельников. Ондай хормейстерлер ел көлемінде ілуде біреу көрінеді. Тісқаққан. Кесіп-пішіп мықтылығын мойындауының да салмақты себебі бар. Атажұрттан жырақтап, ірі шаһарларда жүргенде «Кімнен тәлім алдың?» деген сауалдармен талай ұшырасқан. Сол кезде музыкалық білімге көкіректері даңғыл қарт хормейстерлер алдында Александр Васильевич есімі біршама таныс. Алматыдағы капеллаға (шағын музыка ансамблі) жұмысқа тұрғанда білді: Қарт Синельников консерваторияны тәмамдаған соң оңтүстік астанада жемісті еңбек еткен. Қош. Сөйтіп «музыкалық тергеудің» тиегі ағытылды. «Бұл қандай нота – До, мынау ше – Соль»… аз-кем бөгеліп, күршімдік жас талантқа таңырқай қарады. Ерсовет Қабдолдаұлы болса ары бұрылып, төгілген ноталарды қағып алуға оқталып тұрған. Содан бірге барған Верд мырзаға қарап: «У него абсолютный слух, все я его беру» деп бірауыз сөйлеммен бағалады. Әр қилы қалтарыс-бұлтарыс жолдардан өтіп, училищеге әбден бой үйретті.

Музыка ырғағының маңызы

Арада жылдар өткенде курс тәмамдалған соң консерваторияға жолдама берілді. Ендігі аялдама талай дарынды бауырына сыйдырып, бағытын айқындаған Мәскеу қаласындағы музыка ошағы. Үлкен әпкесі Гүлнар (кітапханашы мамандығы) да Ресейдің бас қаласында білімін шыңдап жатқан соң Қабдолда Тұрарұлына екеуін бірдей оқыту қиынға түсті. Ақыры кейіпкеріміз Алматыға ойысты. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының хор-дирижерлік бөліміне түсіп, тегі Ахметова, қазақ тарихындағы тұңғыш дирижерлердің бірінен тәлім алды. Қызығы сол, небәрі I курс оқып жүрген шағында-ақ капеллада жұмыс істеуге ұсыныс алды. Оркестр мен хорды ұдайы ұйытып үйренген Еңбек сіңірген әртістер жастығына қарап «кезекші хормейстер» деген лақап атты жапсырды.

Бағдарламаны меңгеріп алған, айтылған кеңестің әрбірін қағып алатын қағылездігі және бар, жиырманы толтыра бергенде алғаш дирижерлігін бастады. Қарсы алдында штатқа сәйкес жиналған 75 музыкант қолбасшыдан пәрмен күткендей жанарларын кезек-кезек қадайды. Сэр Томас Бичем, Артуро Тосканини, Карло Мария Джулинилер таяқшаларын екпіндете сермегенде жиналған жұрт жүрегі атқақтап, әлдебір кеңістікті шарлап кеткендей болар еді. Дәл сондай жауапкершілік жүгі жерлесімізге түскен соң Күршімнің тумасы олқылыққа жол беруде өзіне елесете де алмады. Орта Азиялық әскери округте (Алматыда) азаматтық борышын өтеп жүріп те ансамбльде хормейстердің көмекшісі болды. Кейін Эстонияға сәтті жорық жасап, Абай атындағы опера және балет театрындағы оркестрге стажер-дирижер етіп жіберілді. Барлығы дерлік «Бұдан бірнәрсе шығады» дегенге тоқтасты. Ал іс-тәжірибені кімнен өтті дейсіздер ғой? Қазақ КСР өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер Валерий Руттерден бағыт алғандар алысқа шабатын. Міне, солардың қатарын Ерсовет Тұраров та толықтырды. Ең қиыны, ұрмалы аспаптар оркестрінде отырып 100-ден астам такт санау еді. Жеңіл тілмен айтсақ, музыка ырғағы.

– Ол кездегі репертуарларды айтсаңыздаршы?! Балет пе, опера ма, әуезді әуен тоқтаусыз төгіліп жататын, – дейді Ерсовет Қабдолдаұлы. – Соның ішінде 111 такт санау оңай емес. Білместікпен 110-ші такт кезінде барабанды ұрып жіберсең, тыныштық жайлаған залда көрермен жүрегі зырқ ете қалар еді!..

Ленинградтағы сәтсіздік

Кеңестік кезеңде симфониялық оркестр деңгейінің күрт өскені саңлақ дирижер әрі композитор Тимур Мыңбаевтың еңбегімен үндес дейді жерлесіміз. Жоғары математика сияқты, музыкадағы бірнеше әуеннің қосындысын контрапункт деп айтады. Содан сабақ берген. Тимур Кәрімұлы арқалап келген дирижерлік қор жерлесімізге алдағы өмірінде орасан азық болды. Соның ізін басқан Төлепберген Әбдірәшев, кейінірек Фуат Мансуров жаңа буын даярлауда ерек бағыт қалыптастырғандардың бірі. Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ дейді, жерлесіміздің ізденісі қашан да ізгілікке бастап жүрді. Дирижерліктің шыңына шыққан қайсібірі келсе де сахна жақтан кіріп, ақыл-кеңес пен ескертулердің барлығын бойына сіңіруге дағдыланды. Тіпті осындай алғырлығынан болар, қазақтың маңдайына біткен әйгілі күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтен көкейіне көп дүние қондырды. Дегенмен оған дейінгі сәтсіздіктер мен уақыт ағысынан қалып қою Ленинградтағы опера-симфониялық дирижелікке түсуге тұсау салғаны жасырын емес. Бұл 1983 жыл. Министрлік билет жағын реттеп, тілеулестікпен шығарып салғанында маңызды емтихан мерзімінің өтіп кетпесі бар ма? Дегенмен қабылдау бөліміндегілер жерлесімізге таңсық шаһарды тамашалап, тәжірибе жинақтау үшін бір айға тегін жатақхана жағын қамтамасыз етті. Ол жақтан келген соң мемлекеттік ән-би ансамблінде бас хормейстер болды. Ал ондағы ұжымда кілең жанына жанасып кетсең жалындап жанатын жанкештілер. Шеттерінен білгір. Жиырманың алтауын толтырған Ерсовет Тұрарұлы солардың көмейінде жұтылып кетер ме деп капеллада 30-40 жыл жұмыс істеген апайлар «ансамбльдің қасқырлары сені жеп қояды ғой» деп жанашырлық танытқан. Бірақ бәрі олар ойлағандай болмады. Ерсовет Тұраров екпін алып қана қоймай, кейін тұтас концерт жүргізді. Қарсы алдында түрлі аспаптың құлағында ойнайтын 110 музыкант отырған еді.

Секундтар сыры

Қызықты сәттер аз болмаған. Өзінің айтуынша, балет кезінде Нұрлыбек Әлдібеков есімді танымал солист бір жарым метр биік секіретін. Ол еденге қайта түскенде музыка қосылуы тиіс. Шамамен екі секундтай. Міне, бос уақытында балет дайындығына да барып, кем-кетігін толықтырған жерлесіміз қырағылығын бір сәтке де жоғалтпады. Ал Мәскеуге барып камералық хорда аспирантура оқыған соң таным көкжигегі тіптен кеңейді. Айтпақшы, ол жаққа тағы бір танымал күйші Қаршыға Ахмедияровпен жол тартқан-тұғын. Бұл 1986 жыл. Алматыдағы желтоқсан көтерілісі жайлы барлығы хабардар. «Әлемнің үздік хормейстрі» атанып, Мәскеуде сабақ беріп жүрген дирижер Владимир Мининнің де бір сәтке қырын қарағаны рас. Сірә, «ұлтшылдар» деген бір-ақ ауыз сөз кежегелері кейін тартуларына себеп болған. Әйтеуір қазақ зиялыларының орыс тіліндегі бір ғана өткір мақаласы оқиғаның ақ-қарасын ажыратып, жағдай әп-сәтте қалыпқа түсті.

Әйгілі күйшімен кездесу

Ғұмырының жарқын естеліктері ретінде Нұрғиса Тілендиевпен жолыққан сәтін сағынышпен баяндап берді.

– Ондай адамдар жүз жылда бір туатын, асылдар ғой. Дирижерлік деңгейі «Отырар сазы» оркестрі шеңберінен асып тұратынын байқап жүрдік, – дейді күршімдік дирижер. – Залда әзірлік жүріп жатқан, кенет есік ашылыпты. Бастапқыда еш аңғармадым. Музыканттар шет жаққа біркісідей қарап, аяқасты жігерленіп әуендете түсті. Қарасам, ағамыз кіріп, алыстан тамашалап тұр екен. Біткен соң жаныма келді де «Адамның дауысы кез келген керметті жеткізуге қауқарлы ғой» деп өзінше шабыт шақырды.

Юрий Гагаринді ғарышқа ұшуға дайындауға үлес қосқан Лебедева-Мышкина тегіне ие психологты айрықша атап өтті. Екі сағат дайындық барысында әр музыкантты рухтандырып, көңілін аулайтын асқан білгір маман болған. Себебі, өнерпаздардың ішінде холерик, меланхолик, сангвиниктер де отыратын. Ал Нұрғиса Тілендиевті көргенде солардың барлығы өздіктерінен қамшы басып, арқалана түскендері музыканың бір тылсымы іспетті.

– Кешке концерт болады деді. Кезекті дайындықты бастап кеттік. Үлкен залда акустиканы сезіну маңызды детальдардың бірі. Біртіндеп ырғақ ала бастағанда капелла мүшелерінің көздері бүркіттердікіндей шүйіліп, тура концерттегідей барын сала жөнелді. «Бұлары қайткені?» деп сәл аңтарылдым. Қарасам, ағамыз сыбдыр шығармай, есіктен кіріп келеді екен. Сонда әйгілі күйшіні көргенде қалай рухтанып кететіндіктері мені таң-тамаша ететін.

Алайда ол келуіңінің себебі бөлек еді. Сөйтсе есімі КСРО-ға мәлім композитор Сыдық Мұхамеджанов өмірден озған екен… Ерсовет Тұрарұлы дирижер ретінде жүріп өткен жолында Ермек Серкебаевтай күміскөмей әншіден керегін алып, кемшін тұсын толтырып бақты.

***

Қазақ пен кеңес музыкасы марғасқаларының талайынан тәлім алып, ой алмасқан жерлесіміз 20 жыл ғұмырын дирижерлікке арнады. Әңгімесіне қарап, соншама баспалдақтан өткен кейіпкерімізді ел көлемінде арнайы білімге ие дирижерлердің соңғы тұяғы деп сеніммен айта аламыз. Қазір зейнеткер. Жұбайы Гүлнар Саматқызымен сезім қылы астасып, төрт баласының қызығы мен қуанышына шомылып келеді. Музыкалық түйсігі мен сауаты әлі өз биігінде, шығармашылық бағыттан әлі ауытқымаған. Кейіпкеріміздің атақты ақын-сазгер, "Мәдениет қайраткері" Қабдолда Тұраровтың жолын жалғаған намысты ұлы екенін тағы бір айта кеткен жөн. 2018 жылы Күршім ауылындағы Мәдениет үйіне танымал сазгердің есімі берілді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ