Облыс орталығының бүлдіршіндеріне арналған ерекше ертегі қойылмақ

371
көрілім

Облыстық Жастар театрының өнерпаздары кезекті туындымен көрермендерін таңқалдырмақ. Бұл жолы бүлдіршіндерге арналған ертегіні ұсыну жоспарға қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір Ақсуат Мәдениет үйінің режиссері әрі «Тамшы» балалар театрының көркемдік жетекшісі Бейбіт Құсанбаевтың күш салуымен «Ақыл патшалығы» атты ертігісі бойынша қызу әзірлік жүргізілуде. Күні кеше 15 күн ішінде қолға алынған туындының дайындық барысы сахналанып, өнерпаздардың сценарийді қаншалықты меңгергендіктеріне мән берілді. Ол ғана емес, декорация жоқ кезде әрқайсысы өз образдарын барынша сенімді ойнай білулері де жіті қадағаланды. Актерлердің кем-кетігін сырттай бақылап жүрген Бейбіт Құсанбаев алыстан-ақ бағдар беріп, олқылықтарға жол бермеуге шақырды. Кішкентай меймандарға қоғам шындығын жеткізіп, имандылыққа шақыруға негізделген туындының тұсаукесері сәтін салса қараша айының соңында өткізілмек. Дайындық барысынан кейін актерлердің аяқ алысына баға берген облыстық Драма театрының директоры Дінмұхамет Ұябай алып бара жатқан әбестік көрмегендігін жеткізді.

– Жақсы туындылар көрсетер болса, барлық бағытқа жол ашық. Осыған дейінгі әзірлік барысында да әдемі туындыны тамашалап, көңілім марқайған еді. Тіпті сахна барысындағы акробатикалық қимылдар да нақышты. Бастысы, ертегінің ішінде ғибратты дүниелер жетерлік, – деді театр директоры.

Ал осы туындының басы-қасында жүрген Бейбіт Азатбекұлы әр өнерпаздың кем-кетігін мұқият түсіндіре отырып, тың туынды төңірегіндегі алдағы жоспарын ортаға салды. Сонау Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан ат терлетіп жеткен маман «Аталмыш ертегінің бүлдіршіндерге бергенінен берері мол» дейді. Расымен де, халықты шыншылдыққа шақыратын қойылым көп ұзамай көпшілік назарына ұсынылмақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ