Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері бозкілемге қайта оралмақ

657
көрілім

Жалпы бұл жаңалықты еліміздің күрес Федерациясы ғана емес, жаһандағы көптеген спорт жанкүйерлері жылы қабылдауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2004 жылы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиада ойындарында жартылай финалда Сиднейдегі төртжылдықтың басты бәсекесінде чемпион атанған Рулон Гарднерді сан соқтырған Георгий Цурцумия үлкен спортқа қайта оралмақ. Грек-рим күресінен Азияның төрт дүркін чемпионының араға 13 жыл салып бозкілемге беттейтіні асығыс қабылданған шешім еместігі сөзсіз. Қазір жасы 40-та болса да спорттық бабын жоғалта қоймаған. Сәуір айының 9-11 аралығында өтетін лицензиялық Азия чемпионатына ел құрамасы сапындағы төрт палуан, атап айтсақ, Мейіржан Шермағамбет (67 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) және Георгий Цурцумия (130 келі) қатысады.

- Афиныдағы аламаннан кейін күні бүгінге дейін күрестің басы-қасында жүріп, Ұлттық құрама сапындағы талай палуанның айтулы додаларда олжас салуына сүбелі үлес қосып келе жатқан маман. Өз уақытында Азия ойындарының чемпионы атануы да өз салмағының үздігі екендігін аңғартады. Георгий Алматыдағы аламанда бақ сынаймын деп нақты шешім қабылдаса, тілейтінім тек сәттілік. Бәрі оңынан болып, жолдамаға иелік етіп жатса әрі қарай Олимпиада бақ сынай ма, жоқ басқа командаласына бере ме, ол жағы өз қалауында, - дейді Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко.