Өмір мен өлім таңдауы

519
көрілім

Жаңа жылды барлық жастағы адамдардың асыға күтетіні белгілі. Бала кезімізде бізді жасыл шырша, жылтыраған ойыншықтар, түрлі ертеңгіліктер мен Аяз ата өз ғажайыптарымен таңқалдырады. Есейе келе бұл ғажайыптар достармен шүйіркелесуге, отбасылық бірлікке, жақын адамдарға деген жылылық пен қуаныш сыйлауға ұласады. Бірақ қызықты кештер өтіп, қонақтар тарқаған соң көпшілігіміздің көңілімізді басқан сағыныш көп жағдайда жақсылыққа апармай жататыны да рас. Мерекеден кейін өз-өзіне қол жұмсаушылар санының күрт өсетінін газет тілшісі анықтап көрді.

 

Керек емес

Гүлмира Ақанованы (адамдардың есімдері өзгертілген) барлық таныстары ақжарқын жан ретінде біледі. Ал бірге қызмет ететін әріптестері болса оның жүзінен үнемі нұр төгіліп, күлімсіреп жүретінін айтады. Жақында ғана қосағынан ажырасқанына қарамастан ол өз өмірін сәтсіз құрадым деп санамайтын. Есейіп қалған ұлына қарап ол "егер өзімді бақытсыз адаммын деп санасам, онда Тимурымды да қателікпен таптым деп ойлауым керек пе? Тіптен олай емес!" дейтін. Тіпті оның құрбыларының өздері Гүлмираның жалғызбастылығына қарамастан барлық өмірлік мәселелерді өзінің шешетініне таңқалатын.

Гүлмира 2018 жылды өз пәтерінде қарсы алды. Құрбыларын және сіңілісі мен оның жұбайын, балаларын қонаққа шақырды. Қыздар түрлі ойындар ұйымдастырып, ұяң Тимурды да өз қатарларына тартты. Көңілді отырыс ұзаққа созылып, таңға жуық қонақтар үйлеріне тарқасты.

Түске таяу Гүлмираның құрбыларының бірі Альбинаның үйіндегі телефон шыр етті. Ар жағынан дауысы дірілдеген Тимур анасының жуынатын бөлме есігін іштен жауып алып, үн-түнсіз қалғанын айтты. Көңілдері күпті туыстар қайта жиналып, жуынатын бөлме есігін бұзып кіріп, ессіз жатқан Гүлмираны алып шықты.

- Қараған көзге қорқынышты болды, - дейді Альбина. - Қып-қызыл ұйыған қанның Гүлмираның денесінен аққанын айтудың өзі көңілге үрей туғызады.

Артынан белгілі болғандай, көктамырын кесуді білмеген ол қолының білезігін қатты жаралаған екен. Туыстары қолындағы жараны таңып, өзін-өзі өлтіруге шақ қалған әйелге тыныштандыратын дәрі беріп, төсекке жатқызды.

- Ол бұл жағдайды ешкімге айтпауымызды өтінді. Өйтпеген жағдайда барлығы оны ақылынан адасты деп санайтынын айта берді, - деп есіне алды Альбина. - Біз болсақ әлі де есімізді жия алмай жүрдік. Тіпті оның осылай істейтіні ешқайсымыздың миымызға кіріп-шықпаған еді.

Жақын адамдарының сұрақтарына ол осы өмірде ешкімге керек еместігін, осы себепті жарық дүниемен қош айтысқысы келгенін айтты.

- Ұлым болса есейіп қалды, туған-туысы көп, барлығы оны жақсы көреді, - деді Гүлмира. - Одан басқа мені ешкімнің де көзіне жас алып есіне түсірмейтіні белгілі.

Осы оқиғадан соң әйелдің туыстары мен құрбылары оның үйінде кезектесіп қонатын болды. Бақытымызға орай, Гүлмира өз-өзіне қол салуды екінші рет ойына алған жоқ.

- Жақында Гүлмирамен дәмханада бірге отырып қайттық. Ол енді өзінің сол кезде өзімшіл, өзінің жағдайын ғана ойлайтын әйел болғанын мойындап отыр, - дейді Альбина. - Ол сол кезде түкке тұрмайтын болмашы нәрсеге бола қара бұлтты төндіріп алғанын айтты. Сол кезде біздің теріс айналмай құшағымызға алғанымызға алғысын жаудырды. Біздің сол кездегі ақыл-кеңестеріміз бен қолдауларымыз оған көмектескен екен.

 

Көңілді кештен соң

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде біржарымнан үш миллионға дейін адам өз-өзіне қол жұмсап жарық дүниемен қош айтысатын көрінеді. Қазақстан үшінші орында, ал Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Өз-өзіне қол салудың басым бөлігі мерекелік күндерден кейінгі уақытта орын алатын көрінеді. Сонда бір күн бұрын ғана туған-туысымен, құрбы-құрдастарымен көңілді отырған адамды өзіне-өзі қол салуға не итермеледі екен?

- Күнтізбедегі қызыл күн адам психикасына өздігінен әсер етпейтіні белгілі. Клиникалық жағдайға мерекелік күндері алкогольді шектен тыс көп қабылдау да септігін тигізуі мүмкін, - дейді облыстық пихоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Мирхат Мұқұшев. - Дегенмен мұндай жағдайларда қандайда бір заңдылық бар деп айтуға келмейді. Әсіресе отбасылық мерекелерде жалғызбасты адам өзінің жалғыздығын қатты сезінеді. Кез-келген мәселе, тіпті оның жеке басқа қатысы жоқ болса да осындай жағдайға әкеп тіреуі мүмкін. Көптеген адамдарға мереке күткендегідей сыйлықтарын әкелмеуі мүмкін.

Оның сөзін психолог маман Ирина Сложеникина да мақұлдайды.

- Мерекеден кейінгі депрессияның түп-тамыры адамның тереңде жатқан мәселелерінен бастау алады, - дейді ол. - Ал мереке болса оны одан әрі ушықтырады. Бұл емдеуді қажет ететін дерт емес, оның қалған ұшығы. Өйткені Жаңа жыл кеші бақыттың не екенін көрсететін мезет: бір дастарқанда басқосу, туған-туыспен шүйіркелесу, саяхатқа шығу сияқты. Ал біреуде бұлай болмауы да мүмкін: қаражат, махаббат, отбасылық жылылық, табыстылық жетіспейді. Осы мезетте адам өзінің қауқарсыздығын сезініп, өмірге налиды.

Мерекеден кейінгі өзін-өзі өлтірудің қызықты рейтингін Санкт-Петербург қаласындағы психотерапевт маман Любава Пиковская жасады.

- Жаңажылдық кештен кейінгі суицидтің көптеген себептері табылып жатқанымен, аталмыш тақырыпқа ауқымды зерттеулердің жасалғанын көрген емеспін. Мерекеден кейінгі суицидтің бастауы мерекеге дейінгі уақытта басталады, - деді ол газет тілшісіне сұхбат беру барысында. - Жыл соңында адамға жылды қорытындылау тән. Мұндай қорытындылар барлық жағдайда көңіл көншітерліктей болмауы мүмкін. Адам көп нәрсені мақсат тұтқанымен, барлығына бірдей қол жеткізбеуі ықтимал. Ал жыл болса аяқталып қалды, әлі істелмеген шаруа қыруар. Осындай сәтте адам өзінің қамқорсыз екенін сезінуі мүмкін. Жыл соңында жұмыс орнының басшылығы да жылды қорытындылап, жұмысшыға деген көңілтолмаушылық орын алуы мүмкін.

Психотерапевт маман үшінші кезекте қаржы мәселесінің әсер ететінін алға тартты. Жаңа жыл — сыйлықтар тарту сәті. Бұл адам санасына бала кезден мықтап сіңген әлеуметтік ұғым екені белгілі. Мұндай кезде мейлі қомақты емес, болмашы ғана сыйлық тимей қалған адам өзін қармқорсыз сезінуі мүмкін. Сонымен қатар барлығы бірдей сыйлықты ала берумен қатар, беру жағын да ойлайтыны рас. Ақшаның жетіспеушілігі немесе оның мүлдем жоқтығы да адамның көңіл-күйін түсіретін факторлардың бірі болуы ықтимал.

Тағы бір себеп — режимнің өзгеруі. Басқаша айтқанда, аяқ астынан туындай қалған мол бос уақыт.

- Адамдардың көпшілігі жаңажылдық демалыстарды демалыс сияқты қабылдамайды, - деп қосты Любава Михайловна. - Жол жүруді, қысқы көңіл көтеруді барлығы бірдей ұната бермейтіні белгілі. Мұндай кезде адам: мен үйде қаламын, демаламын деуі мүмкін. Бірақ демалысы аз қазіргі заманда бос уақыттың пайда болуы өте қауіпті. Уақытты босқа өткізген адам өзін-өзі кінәлап, түпсанасы бұзылуы ықтимал. Міне бұл жағдай да әсер етуі мүмкін.

Психотерапевт маман ішімдіктің әсерін де назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтады. Алкоголь өте күшті депрессант болып саналады. Бастапқы кезде спирттік ішімдік адамның көңіл-күйін көтереді. Эйфориялық көңіл-күйдің қайтадан қалыпты деңгейге түсуі адамның бойында жабырқау күйді қалыптастыруы мүмкін. Оның үстіне алкогольдің әсері мастық кезде ғана болмайды. Артық салмақ түскен жүйке ішімдік буы тарқаған соң да кері әсерге ұшырауы мүмкін. Яғни оның уыты жүйке жүйесін уландырады. Ал жұқарған жүйке өз кезегінде өзіне-өзі деген сенімсіздікке, кінәлау сезіміне ұласады.

Жаңажылдық мерекелерден кейінгі депрессияның тағы бір себебі - адамның ғажайыпқа деген сенімі.

- Өзіміз мойындамасақ та, түпсанамызда барлығымыздың ертегі әлеміне сенетініміз рас. Бірақ мына өмірде барлығы біз ойлағандай бола бермейтіні белгілі, - дейді психотерапевт маман.

 

Қайда барып өтінем?

Осылайша, жаңажылдық мерекелер өз кезегінде жақсылығымен қатар жамандығын да әкелуі мүмкін. Ал бұдан қалай қашып құтылуға болады? Осындай жағдайға душар болған таныстарымызға болысуға бола ма?

- Егер мерекеден кейінгі уақытта жақын адамыңыз өз-өзіне қол жұмсамақ болса бірінші кезекте психиатр немесе психотерапевт маманға жүгініңіз, - дейді Мирхат Мұқұшев. - Адамға арнайы көмек қажет болса оған мұндай көмек бірден көрсетіледі. Бірақ мерекелік күндері тек жедел медициналық қызмет қана жұмыс істейді. Сондықтан мұндай айдамның жанында болып, оның ешкімге керексіз екенін сездірмеуге тырысу керек. Мерекелерден соң маманға жүгініп, адамның көңіл-күйін түсіретін негізгі дертті емдеу қажет. Мұндай жағдайда психотерапиялық әдістермен қатар медикаменттермен емдеу әдісі де қолданылуы мүмкін.

Адамның басыңқы көңіл-күйі өздігінен кетіп қалады деуге келмес. Тіпті мәселе клиникалық жағдайға байланысты болмаса да оны қарамай қоюға болмайды.

- Клиникалық жағдайда қалыптасқан депрессияға психиатрлар керек болмауы да мүмкін, - дейді Любава Пиковская. - Бұл жерде психотерапевт маман жұмыс істеуі керек. Оның көмегінің қаншалықты қажет екені пациенттің жағдайы мен тілегіне байланысты. Кейбір кездері жақын адамдарының қолдауы да жеткілікті болып жатады. Сондай-ақ алдын алу шараларын жасау керек. Адамның көңіл-күйінің түсуін алдын ала болжау жағы көпшілікті қызықтыра бермейді.

Өз-өзіне қол салу үрдісімен күресудің бір жолы - ішкі қарама-қайшылықтарды саралай білу. Психолог мамандар бұл сезімге уақытша пайда болып, өздігінен кетіп қалады деп атүсті қарамауды сұрайды. Жағдайыңызды өзіңізден төмен адамдармен салыстырып, өз-өзіңізді алдаумен айналыспағаныңыз абзал. Өйткені түпсананы алдау тіптен мүмкін емес. Мұндай кезде өміріңіздің жақсы және жаман жақтарын саралап, қайсысына көндігіп, қайсысын болашақта түбегейлі өзгерту керектігін айқындау қажет. Ойыңызды жүйелеп алған соң әрекетке көшіңіз.

 

Ерлен ОСМАНОВ

 

Біздің анықтама

 

2017 жылы

ШҚО бойынша 493 суицид жағдайы орын алған:

- ерлер — 399 (оның ішінде 6 кәмелеттік жасқа толмағандар);

- әйелдер — 94 (оның ішінде 6 кәмелеттік жасқа толмағандар)

Облыс орталығында суицидқа барған 104 жағдай тіркелген.

 

2018 жылы

ШҚО бойынша 417 суицид жағдайы орын алған:

- ерлер — 342 (оның ішінде 8 кәмелеттік жасқа толмағандар);

- әйелдер — 75 (оның ішінде 2 кәмелеттік жасқа толмағандар)

Облыс орталығында суицидқа барған 103 жағдай тіркелген.