Өңіріміздегі денсаулық, білім және кәсіпкерлік салалары Тәуелсіздік алғалы бері қаншалықты дамыды?

426
көрілім
Еліміздің бодандық құрсауынан шығып, Тәуелсіздіктің ақ Туын желбіреткеніне биыл 26 жыл толып отыр. «Осыншама уақытта Шығыс Қазақстан облысы қандай жетістіктерге жетті? Экономикалық, әлеуметтік дамуы қалай жүзеге асты? Халықтың жағдайы қаншалықты жақсарды?» деген сауалдар сананы торлайтындығы рас. Ұлық мереке қарсаңында ширек ғасырдан астам уақытта өңірімізде қандай өзгерістердің орын алғандығын ауыз толтырып айту үшін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жумадилова мен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева келіп қатысты.
Кешегі мен бүгінгіні сараласақ

Ата-бабамыздың мыңдаған жылдар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ызғар ескен желтоқсанда қол жеткізген халқымыздың жүрегі жылып, көңілдеріне шынайы бақыттың сәулесі ұялағаны рас. Сол кезден бері, міне, көзді ашып-жұмғанша 26 жыл өтіп кетіпті. Осы кезеңде еліміздің жеткен жетістіктерін бір мақалаға тізбектеп шығу тіптен мүмкін емес. Шығыс Қазақстан облысында да талай шаралардың басы қайырылып, бүгінде оның игілігін дүйім жұрт көріп жатыр. Денсаулық, білім және кәсіпкерлік салалары осы уақыт ішінде қандай жетістіктерге жетті? Міне, осы сұрақ ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған жиналыс барысында талқыға салынды.

Бүгінгі күні өңірімізде 77 мемлекеттік ауруханалар, 265 амбулаторлық емханалар, 15 аудандық, 4 ауданаралық, 12 ауылдық ауруханалар, 58 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен 365 медициналық пункттер жұмыс істеп тұр, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.Алдағы уақытта да бірқатар медициналық объектілер салу жоспарлануда. Нақты айтсақ, 2017-2021 жылдар аралығында 5 аурухананың құрылысы жүргізілмек. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асуда. Оның біріншісі – білікті де білімді мамандарды дайындау. Семей қаласындағы мемлекеттік медициналық университетте тек жоғары білім беріп қана қоймай, ауыл дәрігерлерін арнайы курстардан өткіздік. Сонымен қатар, ақ халатты жандарды шетелге жіберіп, оқытудамыз.

Марат Едігеұлының айтуынша, қазіргі уақытта өңіріміздегі дәрігерлер қолданатын медициналық жабдықтарды бұрынғы жылдардағы құрылғылармен салыстыру мүмкін емес. Облыста жылда жаңа жабдықтарды сатып алу үшін миллиардтан астам қаржы бөлінуде.

Осының арқасында Шығыс Қазақстанның аймағының денсаулық сақтау саласы жыл сайын дамып келеді, – дейді басқарма басшысы. – Биылғы жылдың 11 айындағы көрсеткіш бойынша облыстағы сәби өлімі – 28%-ға, онкологиялық аурулардың салдарынан қайтыс болғандар – 4,4%-ға, туберкулезден көз жұмғандар – 2,9%-ға, әр түрлі дене жарақатын алып, бақилық болғандар саны – 6%-ға азайған. Дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту үшін барлық медициналық мекемелерді компьютерлендіру шаралары да жүргізілуде.

Білім берудегі өзгерістер қандай?

Баспасөз конференциясында сөз алған ШҚО Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жумадилова ел болашағын ту еткен жас ұрпақты оқыту жұмыстарының бүгінгі жай-күйі жайлы әңгіме өрбітті.

Қазіргі таңда аймақ бойынша 60 мыңнан астам баланы қамтитын 807 мектепке дейінгі мекеме тіркеуге алынған, – дейді ол. – Оның 104-і жекеменшік құзырында. Жалпы, Шығыс Қазақстанда 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылған. Біз бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орында тұрмыз. 2010 жылғы кезеңмен салыстырар болсақ, балғындарды балабақшамен қамту деңгейі облысымызда 28%-ға артқан.

Шенеуніктің сөзіне сүйенсек, 2017 жылдың басынан бері өңірімізде 29 балабақша мен шағын орталық салыныпты. Сонымен қатар, облыста 3 ауысымды мектептер мен апаттық жағдайда тұрған білім ордаларының санын азайту жұмыстары үлкен қарқынмен жүргізілуде.

Тәуелсіздік алған жылдары тек Шығыс Қазақстанда ғана емес, Республика бойынша оқушылар ескі мектептерде оқып жатты, – дейді Сайрангүл Жумадилова. – Үш ауысыммен білім алып жатқандар да аз болған жоқ. Ал бүгін балаларымыз заманауи жабдықталған мектептерде білім нәрімен сусындауда. 26 жылдың ішінде облыста 141 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Биылғы жылдың 1 қаңтарында аймақ бойынша апаттық жағдайда тұрған 6 мектеп пен 4 үш ауысымды мектеп тіркелген болатын. 11 айдың ішінде апаттық жағдайдағы білім ордаларының саны екі есеге азайса, 3 ауысымды бір ғана мектеп қалған. Алдағы уақытта жоспарлы жұмыстың нәтижесінде бұл мәселе түпкілікті шешімін таппақ.

Орынбасардың айтуынша, бүгінгі мектеп бағдарламасы бұрынғыға қарағанда елеулі түрде өзгерген. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан балаға өзінің шынайы тарихын оқып-біліп, елі үшін құрбан болған боздақтарымыздың есімдерін зерделеп-тануда..

Мектептердегі оқу жүйесі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасына сәйкестендіріліп өзгертілуде, – дейді Сайрангүл Ахметкәрімқызы. – Өткен жылы 6 мың мұғалімді біліктілігін арттыру үшін арнайы курстарға жібердік. Жыл сайын оқушыларға мемлекет қазына есебінен оқулықтар сатып алып береміз. Сонымен қатар, биыл «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Менің мектебім» жобасы арқылы 277 мектептің 425 кабинетін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау мақсатында өңір кәсіпкерлері 2,3 млрд. теңге қаржы жинақтады.

Кәсіпкерлердің жағдайы жақсарды

Қазір кәсіп ашу үшін ақша да керек жоқ. Тек іске ынтаң болса болғаны. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы тегін түрде арнайы кәсіпкерлік курстан өткізіп, бизнес жоспар құруға көмектеседі. Сол жоспарыңмен бюджеттік мекемелерден тендер ал да, өз кәсібіңді дөңгелендіріп әкете бер. Саған ешкім «қой» демейді, керісінше, қолдау көрсетеді.

Облыста кәсіпкерлерге арналған «Бір терезе» қағидасымен қызмет ететін толық форматты алғашқы орталық та ашылды, дейді ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева. Мұнда 8 түрлі сервистік қызмет көрсетіледі. Орталықта салалық және мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Сонымен қатар, «Бизнес мектебі» мен «Кезекші прокурор» да жұмыс істейді. Бұл мамандар кәсіпкерлердің туындаған мәселелерін жылдам шешіп қана қоймай, арнайы рұқсат және теxникалық құжаттарды беру ісімен де айналысады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ