Өр Алтай ақынын еске алды

207
көрілім

Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыстың Мұқағалиы» атанған ақын Хамит Балшабековтың «Таулар ұйықтамайды» атты жыр жинағының тұсаукесері болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Хамит Балшабеков 1939 жылы 20 желтоқсанда Қытай Халық Республикасы Тарбағатай ауданы «Үшқарасу» деген жерінде дүниеге келген. Кейіннен 1962 жылы Қытайдан Қазақстанға оралып, Жезқазған жеріне коныс тебеді. 1970 жылы Тарбағатай ауданындағы Шілікті ауылына көшіп келеді. 1969 жылы «Жылқышы әні» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Өкінішке қарай ақын 2007 жылы дүниеден қайтты.

– Хамиттың өлеңдері тұнып тұрған лирика. Санасын саясатпен ешқашан бұлғамаған. Сондықтан ақынның өлеңі де, жандүниесі де тап-таза еді. Мен білетін ақындардың ішінде XX ғасырдың екінші жартысында Шығыста Хамиттан асқан ақын болмады. Өз басым ақынды екі түрлі жағдайда ақын деп танимын. Біріншісі ақынның лирикасы асып-төгіліп жатыр. Екіншісі, саясатқа араласпаған ақынды шынайы мойындаймын. Осындай ақынның кешін кітапхананың кішкентай залында емес, облыстық театрдың үлкен залында өткізсек те артық емес еді,- деді Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы ?

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,- деп Абай атамыз жырлап кеткендей, Хамит ақынның өлеңдерін шәкірттері мен жерлестері ел ішінде әуелетіп жүр. Мерекелік кешке сонау Алатау, Тарбағатай бөктерінен, қарт Семейден ақынның балалары, жары Бану апай да келіп, ақын туралы естеліктермен бөлісті. Ақынның ұлы Мерей әкесінің сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындады. Адам ұрпағымен мың жасайды емес пе? Ақынның шығармашылығын топтастырып жинауға тек ұрпақтары ғана емес, бүкіл Тарбағатай жүрты атсалысыпты.

Ал жаза бер!

Менде қанша өмірбаян бар дейсің,

Арманды-өлең, сүйгені-күй мен ән дейсің

Өзін-өзі өртеп жүрген жан дейсің….

Айтқанымның бәрін толтыр торына

Адам деп жаз, анықтап жаз оны да,

Ақын деген сөзді тірке соңына….

Бұл ақынның артына қалдырған өсиеті еді.

 

Таунар ҚАЙРАТ